Үйде оқитын балалар жәрдемақысыз қалды: Прокуратура тексеріс жүргізді

Фото: Фото: Қарағанды облысы прокуратурасы

АСТАНА. KAZINFORM — Балқаш қаласының прокуратурасы мүмкіндігі шектеулі балалардың үйде оқуға жәрдемақы алу құқығын қалпына келтірді. Бұл туралы Қарағанды облысының прокуратурасының баспасөз қызметі хабарлады. 

Балқаш қаласының прокуратурасы мүмкіндігі шектеулі балалардың құқықтарын қорғау саласындағы заңнаманың орындалуына талдау жүргізді.

Конституцияның 28-бабына сәйкес әрбір азаматқа мүгедектігі бойынша әлеуметтік қамсыздандыруға кепілдік беріледі. Әлеуметтік кодекске сәйкес мүгедектігі бар адамдардың мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар алуға, оның ішінде үйде оқытуға жұмсалатын шығыстарының өтелуіне құқығы бар.

— Талдау барысында Балқаш қаласында үйде оқитын 38 мүгедек баланың 14-інің ата-анасы тиісті жәрдемақы алмайтыны анықталды. Қалалық мәслихаттың шешімі бойынша мұндай өтемақының мөлшері оқу жылына 10 айлық есептік көрсеткішті құрайды (айына 13 106 теңге), төлемдер тоқсан сайын жүргізіледі, — делінген хабарламада.

Не себеп болды

Заң бұзуға білім беру ұйымдарының ата-аналарды тиісті түрде хабардар етпеуі себеп болған.

— Талдау қорытындысы бойынша прокуратура Балқаш қаласының Білім бөлімне ұсыну енгізді. Қабылданған шаралардың нәтижесінде балаларға тиісті төлемдер тағайындалды. Прокуратура кәмелетке толмағандардың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету бойынша жұмысты жалғастырады, — делінген хабарламада.

Айта кетелік Сарыағашта мүгедектігі бар баланы еденде сүйреген қызметкерге қатысты қылмыстық іс қозғалған еді