Үйде өрт шығуына не себеп болады – құтқарушылар талдау жүргізді

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысының құтқарушылары үйде өрт шығуына көбіне не себеп болатынына талдау жүргізіп көрді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жыл басынан бері Шығыс Қазақстан тұрғындарының үйінде 307 өрт болған. Оның 97-сі электр аспаптары мен жабдықтарын пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтамау себебінен туындаған. Осы ретте ТЖД мамандары талдау жүргізіп, тұрғындардың қандай қателіктері өртке әкеп соқтыратынын анықтап көрді:

- Пәтерде немесе үйде тоққа бірден бірнеше ұзартқышты, адаптерді қосу.

- Тоққа қосылған электр аспабын қараусыз қалдыру (Мәселен, ұялы телефонды зарядтау). Көбіне өрт тұрғындар үйден шығып кеткен кезде болады.

- Жарқылдаған розеткаларды пайдалану, сондай-ақ бір розеткаға бірден бірнеше электр құрылғысын қосу.

- Электр аспаптарының жанғыш заттармен жақын орналасуы.

- Тозығы жеткен және өрт қаупі бар электр сымдарын пайдалану.

«Қазіргі уақытта әрбір электр желісіне жүктеме бірнеше есе өсті. Біз теледидарды әр бөлмеге қоямыз, кондиционерлерді іліп, кір жуғыш машиналарды, электр плиталарын қолданамыз. Тіпті электр қуаты арқылы қосылатын еденді жылыту жүйелерін орнатамыз. Ал жаңа электр құрылғысын сатып алған кезде «Ал сымдар бұған шыдай ала ма?» деп ойланбаймыз», - дейді ШҚО ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Нұржан Өміржанов.

Оның айтуынша, электр құрылғысын еш уақытта қосып кетуге болмайды. Әркез есіңізде болсын:

- Кез келген электр құрылғысын қолданар алдында нұсқаулықты мұқият оқып шығыңыз.

- Құрылғының жұмыс уақытына және оны қосатын тоққа қойылатын талаптарға назар аударыңыз.

- Егер компьютерді, жылытқышты, шаңсорғышты бір розеткаға бірден қоссаңыз, онда жүктеме ауыр болуы мүмкін екенін қаперде ұстаңыз.

- Ақауы бар розеткаларды пайдаланбаңыз.

- Үйден шыққан кезде электр құрылғыларын тоқтан ажыратыңыз.