Үйге дейін кірген: Маңғыстау облысында қара қоңыз қаптап кетті
АҚТАУ. KAZINFORM – Жәндіктер аудан орталығы Бейнеуде және Ақжігіт, Боранқұл, Сарға ауылдарында көп.
Бейнеу ауылының тұрғыны Бақыт Тілеумұратова 4-5 күннен бері түнде ұйықтамағанын айтады. Себебі қоңыздар үйге дейін кіріп кеткен. Жәндіктерді өлтіремін деп жүргенде таң атады екен.
- Кеш болса болды, үйдің маңайы қара қоңызға толып кетеді. Одан ол өрмелеп үйге кіреді. Немерелерімнің құлағына кіріп кетер деп, оларды Ақтауға жібердім. Өзіміз де құлағымызға мақта тығып жатамыз. Өлтірген сайын көбейіп жатыр. Кеше жаңбыр жауып еді, содан кейін пайда болды осы қоңыздар. Түнде ұйқы жоқ, - дейді Бақыт Тілеумұратова.
Қара қоңыздар көшелерді, саябақтарды түгел жайлаған. Ауылдарда су жиналған құдықтарға дейін түсіп, суды ластаған. Тұрғындар жәндіктермен қалай күресерін білмей отыр.
- Үйдің төбесі шытырлап, түнімен жатқызбайды. Өзі ұшады, қанаты бар. Адамды шағады. Қалай құтыларымызды білмей отырмыз. Көршілердің бәрі сонымен арпалысып жатыр. Улайын деп препарат іздеп шықтым, - дейді Кенжеғұл Әбілшеев.
Ал Бейнеу аудандық фитосанитария бөлімінің басшысы Дастан Мұхановтың айтуынша, қара қоңыздың қаптауы алғаш рет тіркеліп тұр.
- Бұл - табиғи құбылыс. Біз қоңыздарды зертханаға жіберіп жатырмыз. Карантиндік па, карантиндік емес па, зертхана қорытындысынан кейін жариялаймыз. Бірақ тұрғындарға жәндіктерді өздігінен улауға кеңес бермеймін. Дезинфекция мамандарына жүгінген дұрыс, - дейді бөлім басшысы.
Бұған дейін, Маңғыстауда Каспий теңізінде итбалықтардың қырылу себебі белгілі болды.