***
«Қазақта «Абылайдың асына шаппағанда...» деп келетін әдемі тіркес бар. Осы тіркестің де орнымен қолданылатын тұсы жақындап қалғанға ұқсайды. Олай дейтініміз - кеше Мәжілістің жалпы отырысындағы депутаттық сауалдардың алғашқысы қазақтың ұлы ханы - Абылайдың 300 жылдық мерейтойын өткізу турасында өрбіді. Депутат Тоқтарбай Қадамбаев пен қызылжарлық Жарасбай Сүлейменов қазақ ханының мерейтойын Тәуелсіздіктің шеңберінде, республика деңгейінде атап өту мәселесін көтерді. Бұл мәселенің мәнісі «Алаш айнасы» газетінің «Абылайдың асына шаппағанда» атты мақаласында кеңінен сөз болған.
«Еліміздің ірі кондитерлік фабрикаларының әлеуеті толықтай игерілмей жатыр. Олар өнім шығару көлемін арттыруға барынша тырысса-дағы, отандық нарықты жаулап алған украиналық және ресейлік «тәттілер» бұған кедергі келтіруде. Кедендік одақтың құрылуы да аталған нарықтағы бәсекелестікті күшейтіп отыр. Сол себепті отандық кәмпит өндірушілер Үкіметтен қазіргі уақытта Премьер-Министр Кеңсесіне берілген Кондитерлік өнімдер импортының тек жеті түріне үш жыл бойына тыйым салу туралы жобаны мақұлдауды сұрайды», деп жазады «Алаш айнасы» газеті. Бұл туралы кеңінен оқып, білгіңіз келсе, басылымның бүгінгі санындағы «Отандық кондитерлердің жолын ашатын жобаның жолы жабылып тұр» деген мақаланы жіберіп алмаңыз.
Соңғы жылдары Қазақстанның астық нарығы ел экономикасы үшін басты саланың біріне айналып отырғаны анық. Бұл ретте азық-түлік қауіпсіздігін ұлттық қауіпсіздік деңгейіне дейін көтеруге бағытталған шаралар атқарылды. Азық-түлікке қатысты қауіпсіздіктің алдын алу үшін әрі шаруа қожалықтарын қиын кезеңде қолдау мақсатында «Азық-түлік корпорациясы ҰК» АҚ ішкі резервке астық сатып алу дәстүрін жолға қойды. Яғни мемлекет шаруалар үшін қосымша сұраныс тетігін іске қосты. Сыртқы нарықта бағаның құлдыруы кезінде мұның үлкен демеу болғаны да рас. Ал ендігі жерде қалай болмақ? Астыққа деген әлемдік баға көтерілген қазіргі жағдайда ішкі нарықта мемлекет қорына сатып алынатын астық бағасын да өсіре түсу керек пе? Бұл мәселе төңірегінде ҚР Парламенті Сенатының депутаты Светлана Жалмағамбетова мен «ҚазАгро» ұлттық холдингінің басшысы Асылжан Мамытбеков «Алаш айнасы» газетінің «Ой-көкпар» айдарында пікірталасқа түскен.
***
Қыркүйектің 20-27-сі күндері Тараз қаласында өткен Ұлы Жеңістің 65 жылдығы мен даңқты қолбасшысы Бауыржан Момышұлының 100 жылдық мерейтойына арналған 18-ші республикалық театр фестивалінде Астананың Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ музыкалық драма театры А.Дударевтың «Кеш» қойылымын сахналап, бас жүлдені жеңіп алды. Бұл жағымды жаңалықты «Астана ақшамы» газеті хабарлап отыр.
***
«Айқын» газетінің бейсенбілік нөмірінде Қ.Қожамяров атындағы мемлекеттік ұйғыр музыкалық комедия театрының директоры, композитор Әділ Жанбакиевпен арадағы сұхбат «Ұйғыр театры қазақша қойылымдар қоюы қажет» деген тақырыппен берілген. Басылымның тілшісінің барлық сауалдарына тұшымды жауап берген ол қойылымдарының барлығы ұйғыр тілінде екендігін айта келіп, «ал ұйғыр ұлтының өкілдері тек Алматы мен Алматы облысында ғана. Онда да Жаркент қаласы мен Шелек, Шонжы аудандарында. Батысқа, Орталық Қазақстанға, Оңтүстік Қазақстанның өзге аймақтарына ат ізін сала амайимыз. Себебі біздің тілімізді ешкім түсінбейді. Ал репертуардың қазақшалануы қазақ ауылдарына, қазақ көрерменіне даңғыл жол ашады. Өнерімізді көрсетуге де, актерлерімізді танытуға, насихаттауға мүмкіндік тура еді», дейді.
«Шенген визасына қол жеткізу - аспандағы айға сапар шегу үшін алатын рұқсат қағазбен бірдей болып тұрғаны рас. Жалпы, шенген дегеніміздің мағынасы «еркін жүріп-тұру» дегенді білдірсе керек. ал енді осы шенгендік аймақ болып есептелетін Еуропа елдері посткеңестік елдер үшін сол еркін жүріп-тұруға тосқауыл қойып тастап отыр», деп жазады «Айқын» газеті бүгінгі нөмірінде жарық көрген «Еуропа табалдырығын тек «таңдаулылар» атайды. Неге?» деген тақырыппен басылған мақаласында. Басылымның атап өтуінше, бұл кедергіден банкте қомақты қаржы жинағы, басында кепілдікке қояр үйі барлар ғана өте алады. Ал кәрі құрлыққа іссапармен емес, өз бетінше саяхаттап барғы келген, банкте қаржысы жоқ кез келген азамат аталған жайттарға бола маңдайы тасқа тиіп жүр. Бұл жайында егжей-тегжейлі оқып білгіңіз келсе, басылымның бүгінгі санын ашыңыз.
***
«Кеше күннің екінші жартысында Үкімет үйінде Экономиканы жаңғырту мәселелері жөніндегі мемлекеттік комиссияның кезекті отырысы болып өтті», деп жазады «Казахстанская правда» газеті ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Отырысқа қатысушылар 2010-2014 жылдарға арналған Қазақстан Республикасында инновацияны дамыту мен технологиялық жаңғыруға көмектесу жөніндегі бағдарлама жобасын талқылады. Сондай-ақ, Үдемелі индустриялық-инновациялық дамуға арнаған Мемлекеттік бағдарлама аясында ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі әзірлеп жатқан елдегі 2010-2014 жылдарға арналған қазақстандық үлесті дамыту жөніндегі салалы бағдарламаның да жобасы қаралды. Талқылау қорытындысы бойынша Индустрия және жаңа технологиялар министріне енгізілген ұсыныстарды ескере отырып, жобаны аяқтау тапсырылды.
***
«Экспресс-К» газетінің жазуынша, осымен үшінші күн Тараздағы № 31 мектептің 500-ден астам оқушысы сабақтарын жіберіп алуда. Сабақтың болмай қалуына мектепке жарылғыш зат қойылғандығы турасында 112 нөміріне ұялы телефоннан хабарлаған бейтаныс әйелдің ақпараты себеп болып отыр. Үш күнде де облыстық төтенше жағдайлар департаменті, құтқару отряды, өрт сөндіру қызметі, облыстық ІІД бөлімшесі қызметкерлері, сондай-ақ Ұлттық қауіпсіздік қызметі өкілдері аталған мектепке шұғыл жеткенімен, еш жарылғыш зат табылған жоқ. ҰҚК-ның облыстық департаменті мен ішкі істер департаменті оқиғаға байланысты түсінік беруден бас тартуда. Бұл жайында басылымның бүгінгі нөмірінен оқи аласыздар.