Үйі өртенген отбасыға 3,5 млн теңге ақшалай көмек көрсетілді

ТАЛДЫҚОРҒАН.ҚазАқпарат - Талдықорғанда қыстың қара суығында далада қалған отбасына көмек көрсетілді. Бүгін үйі өртеніп кеткен баспананың иесі Сүйінбек Жұмабайдың қолына ақшалай қаржы табыс етілді.


 Сондай ақ "Қайырымды жандар тобы" оларға 15 бас қой берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Қомақты қаражат əлеуметтік желі арқылы жиналған."ВИЧАТ" желісі арқылы отандастарымыз үйсіз қалған жанұяның тағдырына бей-жəй қарамай, бірден көмек көрсетуді шешкен. Айналасы он күннің ішінде 3,5 млн теңге ақша жиналыпты.

"Қайырымды жандар тобы ­2016 жылдың мамыр айынан бастап ерікті жандардан құрылды. ВИЧАТ желісі арқылы  түрлі ауыр жағдайға тап болған адамдарға  көмек көрсету мақсатында құрылғанбыз. Бастапқыда 5­0 адам едік, қазір санымыз 350-ге жуықтады",-дейді "Қайырымды жандар" еріктілер тобының мүшесі Асылжан Момышұлы.


 

Бұл аталған топтың жасап отырған көмегінің алғашқысы емес. Олар бұған дейін де талай мəрте көмекке зəру жандарға қолұшын созып, демеушілік жасаған. Былтырдан бері 13 отбасыға көмектесіп, 8 адамның еміне  ақша жинап берген. Қазір тағы 4 адамға көмек көрсету үшін қаржы жинап жатыр. Ал аталған топтың мүшелері Қытайдан келген қандастар.

Айта кету керек, Сүйінбек Жұмабайдың үйін қаңтардың 11-нен 12-не қараған түні қызыл жалын жалмады. Ал жанұя мүшелері сол күні екі баласын ертіп, қонаққа кеткен.