Бүгін әкімдіктің нұсқауымен келген жүк көлігіне жанып кеткен заттар мен қоқыстар тиеліп, шығарылды.
«Еңбекші ауданының әкімдігі тарапынан зейнеткер Рахима Хайдарбекованың үйіне жәрдемдесу жұмыстары жүргізілуде. Қоқысты тазалап, сыртқа шығарып жатырмыз. Үйді ретке келтірудеміз»,-дейді аудан әкімдігі аппаратының бас маманы Пернебек Айтжанов.
Сондай-ақ жергілікті кәсіпкер, облыстық мәслихат депутаты Бахарам Әбдікәрімов те жалын шарпыған шатырды жаңартуға қажетті құрылыс материалдарын алып берді. Десе де, оны қажетіне жаратып, құрылыс жұмыстарын жүргізуге қарияның қауқары да, қаражаты да болмай тұр. Сондықтан жаны жомарт жандар табылып, соны жөндеп берсе деп отыр.
Еске салайық, он екі күн бұрын қарт ана жаназаға кеткенде оның баспанасы өртеніп кеткен болатын . Жатын бөлменің электр шамынан тұтанған жалын үйдің ішін алып кеткен. Жалғызбасты зейнеткер үйіне тілсіз жау кіреберіс есікті шарпыған кезде оралған. Оның жанайқайына бірінші көршілері жетіп, өртті сөндірмек болған. Алайда одан нәтиже шықпаған. Баласы мен қызы қайтыс болған әйелдің халі мүлдем мүшкіл. Себебі, азын-аулақ дүние-мүлкі түгел жанып кеткен. Қазір қария көршілерінің ас-суын ішіп, кешке далада түнеп жүр.