Ұйықтамайтын қала: Алматыда 24 сағат жұмыс істейтін кітапханалар саны артады
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Ақпан айынан бастап Алматы қаласындағы тағы 2 кітапхана 24/7 режимінде жұмыс істеуге көшеді.
Алматы қаласы мәдениет басқармасының басшысы Данияр Алиевтің айтуынша, бүгінгі таңда басқармаға қарасты Алматы қаласы орталықтандырылған кітапхана жүйесіне 31 қалалық кітапхана кіреді. Барлық кітапханадағы жалпы кітап қоры 1 372 423 данаға жеткен.
– Қалалық кітапханалар заманауи талаптарға сай жаңарып, тұрғындар үшін қолжетімді мәдени әрі зияткерлік кеңістікке айналып келеді. 2025 жылы кітапханаларға келушілер саны шамамен 3,1 млн болса, ал тұрақты оқырмандар саны 300 мыңнан асты, - деді Данияр Алиев.
Қазіргі таңда Жамбыл атындағы жасөспірімдер кітапханасы, Alatau Creative Hub және Мұхтар Әуезов атындағы кітапхана тәулік бойы қызмет көрсетеді. Ақпан айынан бастап олардың қатары көбейіп, Қазақстан жазушылар кітапханасы мен Розыбакиев көшесі, 247 мекенжайында орналасқан филиал тәулік бойы жұмыс істеуге көшеді.
Сонымен қатар қалада кітапхана қызметінің қолжетімділігін арттыру мақсатында сауда орталықтарында, метро станцияларында, мектептерде, коворкингтер мен коммуналдық орталықтарда 32 дербес өзіне-өзі қызмет көрсету кітапханасы орнатылған. Бұл нүктелерді 300-ге жуық тұрақты оқырман пайдаланады, ай сайын 500-ден астам кітап беріледі.
Еске салайық, қаңтар айының басынжа Алматыда 31-ші қалалық кітапхана ашылды.