Үйімізде барлығы қазақша сөйлейді - қарағандылық ұстаз

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысында 100-ден астам ұлт өкілі тұрады. Олардың арасында қазақ тілінде таза сөйлеп, тіпті мемлекеттік тілде сабақ беретіндері де бар, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Светлана Крумент Қарағанды қаласының Тәттімбет атындағы өнер колледжінде тарих пәнінен қазақ тілінде сабақ береді. Ұстаздың ұстанымы мықты. Халқымыздың ауыз әдебиеті, салт-дәстүрі, әдет-ғұрпын дәріптеуді студенттер санасына сіңіріп келеді.

«Көбінесе инновациялық технологияларды қолданамыз. Өйткені, бұл тәсіл балаларға жақын. Олар телефон, ноутбук секілді түрлі гаджеттермен жұмыс істеуге үйреніп қалған. Сондықтан, балаларға барлығы түсінікті болуы үшін соларды қолданамыз. Сонымен қатар, ойын түрінде де сабақ өткіземіз», - дейді Светлана Крумент.

Светлана Фадисовна Қарқаралы ауданының тумасы. Кейіпкеріміздің әкесі – татар, анасы – орыс. Мектепте, университетте орыс бөлімінде оқыған. Алайда, мемлекеттік тілге ана тілінен кем қараған емес.

«Негізі менің тілім екі тілде шыққан. Әке-шешемнің айтуынша, мен кішкентайымнан қазақ және орыс тілін қатар алып жүрген екенмін. Үйімізде барлығы қазақша сөйлей алады», - дейді ол.

Қазір Светлана Крумент – неміс ұлтының келіні. Қонақ күтуге бейім. Ұясында көрген тәрбиесі сондай. Қонақ – құт, ризық, берекесін ала келеді деп пайымдайды. Дастарханының басты асы – ет.

«Жолдасымның жақсы көретін тағамы – ет. Ұлты неміс болса да, басқа да түрлі тағамдарды дайындап отырсақ та, әрдайым ет – біздің отбасымызда дастарханымыздың негізгі асы», - дейді ол.

Сонымен бірге, қазақ ырымына сенеді және оны рухани тегіне жақын ұстағысы келеді. Ұлы дүниеге келген сәттен бастап, қазақ дәстүріне сәйкес барлық жөн-жоралғыны жасап келеді.