Академик Мырзатай Жолдасбеков кітапханасының қорында 6 641 дана (5685 аталым) кітап пен кітапша болса, соның ішінде: 1041 дана кітап белгілі қаламгерлер, ақындар және дипломаттар қолтаңбасымен, 773 дана (690 аталым) орыс тіліндегі кітаптар, 415 мемориалдық экспонаттар (кәдесыйлар, портреттер, дипломдар, сертификаттар, медальдар, монеталар, т.б.), 908-і (368 аталым) аудио, бейнематериалдар, грампластинкалар. Осылайша, жалпы алғанда 9 526 данамен (8162 аталым) кітапхана қоры толығатын болды. Сонымен қатар, М. Жолдасбеков жеке қорындағы қазақ және басқа да халықтардың ұлттық аспаптарының бірегей топтамасын (домбыра, жетіген, гармонь, т.б.) Ұлттық академиялық кітапханаға тапсырды.
Салтанатты рәсімге қатысқан ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев қазақтың тарихы, мәдениеті, тілі мен ғылымын дамытудағы Мырзатай Жолдасбековтың ұшантеңіз еңбегіне тоқтала келе, мұндай айтулы оқиға Астанада ғана емес, Қазақстанның өзге облыстарында жалғасса деген тілегін жеткізді. «Көптеген зиялы қауымның үйінде мыңдаған кітап шаң басып жатыр. Сол кісілер Мырзатай ағамыздан үлгі алса дұрыс болар еді. Өйткені, осындай игі шараның арқасында елімізде кітап оқитын, сол кітап арқылы өзінің мәдениетін, білімін жетілдіретін жастардың қатары арта түсетін еді», - дейді Бердібек Сапарбаев.