Үйінде үкі бағып отыр

Фото: None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат-Жосалы кентінің тұрғыны Садақбай Райымбаев үйінде бір жылдан бері үкі асырап отыр.

Сәкеңнің балалары сыртта қозы жайып жүріп далада үкінің жарақаттанған балапанын көріп, ұстап алып, үйге әкеледі. Қанаты қатпаған балапан жарақатынан айығып, бүгінде ересек үкіге айналған. Ауласында үкіден өзге қоян, тауықтары да бар бұл үйді көршілері кіші-гірім жануарлар бағы деп те атайды.

Балапан үкінің үйге әкелінгеніне жыл толыпты. Қанаты қатайып, жарақатынан әбден айыққан үкіге тышқан, торғай аулап беретін көрінеді. Сонымен бірге үкі қой мен сиырдың етін де талғамай жейді екен. Үкінің күндіз көзі көрмейтін болғандықтан арнай қараңғы кепеде ұстайды.

«Бұл түз тағысы қолға үйренбейді. Сол себепті алдағы уақытта киелі құсты өзінің құт мекені кең далаға қайта жібереміз», - дейді Садақбай ағаның ұлы Рақымжан.