Үйінді астында қалған кеншілер 36 күннен соң құтқарылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Апаттан соң 36 күн үйінді астында қалған екі қытайлық кенші құтқарылды, деп хабарлайды қытайлық БАҚ-тар.

Бұлардан басқа тағы екі кенші жер астында қалып отыр.

Қытайлық телеарнадан ер адамдардың қалай жоғарыға шыққаны, артынша оларды ауруханаға алып кеткені көрсетілді.

Еске сала кетсек, Шаньдун провинциясындағы шахта 25 желтоқсанда опырылып құлаған еді. Апат болған кезде жер астында 29 адам жұмыс істеп жатқан.

Екі күннен соң шахтаның иесі, Yurong компаниясының басшысы кеніш оқпанынан секіріп, ажал құшты.
Бір ай бұрын құтқарушылар апаттан соң үйінді астында қалған бірнеше кеншіні анықтап, олардың көпшілігін жоғарыға шығарған болатын, деп хабарлайды Би-би-си.