Облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, ер адам 31 қазанда үйінен шығып кетіп, қайта оралмаған.
«Атырау қалалық полиция басқармасына 8 қарашада сағат 17:00 шамасында 1989 жылғы әйел некедегі күйеуі Бауыржан Талпақовтың үйіне оралмағаны туралы арызданды. Ер адам үйінен 31 қазанда шығып кетіп, содан бері үйіне қайта оралмаған. Қазір адам жоғалу дерегімен қылмыстық іс қозғалды, іздеу жарияланды», - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметінен.
Жоғалған ер адам соңғы рет 2 қарашада байланысқа шыққан.
Оны іздестіру бойынша хабар таратылды: бойы 175-180 см, қызғылт-көк түсті қысқа күрте киген.
Еске салайық, бұдан бұрын жоғалып кеткен 31 жастағы ер адам туралы жазған едік. Оның денесі Атырау қаласының маңындағы Талғайран-2 ауылында тұрғын үйдің ішінен табылды. Ал көлігі қаланың өзге шағын ауданында табылды. Сот-медициналық сараптама тағайындалды.