Үйлі болайық атты қаржы пирамидасының қызметі тоқтады
АЛМАТЫ. KAZINFORM – ҚМА Алматы қаласы бойынша департаменті «UILI BOLAYIK» (Үйлі болайық) атты қаржы пирамидасының қызметін тоқтатты
— Әлеуметтік тұрғын үй бағдарламасы ретінде бүркемеленген бұл жоба аясында ұйымдастырушылар қатысушыларды мүлікті пайызсыз бөліп төлеу арқылы сатып алуға болады деп сендірген. Қатысушыларға салған қаражаты үшін ай сайын 15–30% көлемінде табыс және әр жаңа тартылған адам үшін 10% бонус уәде етілген. Азаматтардың қаражаты екінші деңгейлі банктердегі ұйымдастырушылардың жеке шоттарына аударылып отырған, ал «UILI BOLAYIK қайырымдылық қорының» есепшоттары іс жүзінде пайдаланылмаған және қозғалыссыз қалған. Нәтижесінде бұл қаржы пирамидасына 515 салымшы тартылып, 50 млн теңгеден астам қаражат жиналған, — делінген ҚМА хабарламасында.
Сот санкциясымен күдіктінің банктік шоттарына тыйым салынды.
Оған қатысты елден шығуға тыйым салу түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.
Қазіргі уақытта тергеу амалдары жалғасып жатыр.
Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жариялауға жатпайды.
Айта кетелік Шымкентте 200-ден аса адамды алдаған қаржы пирамидасының жұмысы тоқтатылды.