Бұл туралы ҚР Лифт компаниялары қауымдастығының төрағасы Нұрлан Құттыбаев «Jibek joly» телеарнасындағы «Бүгін LIVE» бағдарламасында айтты.
— Құрылыс нормативтері бар. Оған сай 9 қабатқа дейін — 1, 19 қабатқа дейін — 2, 25 қабатқа дейін — 3 лифт орнатылуы керек. 25-тен асқан жағдайда кемі 4 лифт болуы тиіс. Бірақ құрылыс компаниялары үй салған кезде бұдан үнемдеп қалуға тырысады, яғни 2 лифт болуы керек жерге 1 лифт салып кетеді не сапасы төмен лифт орнатады. Адамдар үй сатып алған кезде осындай жағдайларға назар аудармайды, бұл мәселе кейіннен алдарынан шығады, — деді ол.
Маманның айтуынша, осындай жағдайлардан кейін тұрғын үйлердегі лифтілер уақытынан бұрын тозып, оны жөндеу не ауыстыру қажеттілігі туындайды.
Айта кетейік, бұған дейін ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамыту басқармасының басшысы Қаби Қарахан қалайша подъездегі лифтіні жаңартуға болатынын айтып берген еді.