Үйлері өртеніп, далада қалған отбасына нұротандықтар қолдау көрсетті - Қызылорда облысы

None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Тереңөзек кенті, Б.Момышұлы көшесі №123 үйде өрт шығып, батыр ана Әбдраева Дидар анамыздың отбасы қыс айында далада қалды. Аман қалуларына таң алдында жылаған періштенің дауысы себеп болған. Әбдраева Дидардың отбасында 9 жан бар, оның 6-ауы кішкентай балалар болатын. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісі Сырдария аудандық әкімдігіне сілтеме жасап хабарлады.

Осы жағдайға байланысты жедел түрде аудандық Қоғамдық кеңес отырысы өткізіліп, аудан әкімдігінің, «Нұр Отан» партиясының қолдауымен Абдраева Дидардың үйінің алдында «Қайырымдылық - асыл қасиет» атты акция ұйымдастырылды. Көктем шығып, күн жылынған кезде баспана мәселесі түпкілікті шешілетін болмақ.

Ауданның белді азаматтары, құқық қорғау органдары мен мекеме ұжымдары, үкіметтік емес ұйымдар, кәсіпкерлер, кент тұрғындары, ағайын-туыстары бір кісідей акцияға қатысып, өз көмектерін берді. Үй мәселесі шешіліп, азық-түлік пен жылы киіммен және қомақты қаражатпен қамтылды. Батыр ананың отбасы мүшелері ауданның азаматтарының бірлігіне ризашылығын білдірді.