«Үйіме су кірді»: Ақтөбелік тұрғын қайда барарын білмей отыр
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбеде су сору, бұру жұмыстары жүргізіліп жатқанымен, таңда бір үйге су кірді.
Ақтөбе қаласының тұрғыны Татьяна Чубарь 10 жылдан астам уақыттан бері Қарғалы өзені бойындағы бау-бақша ұжымында тұрады. Кейінгі жылдары жеке тұрғын үй статусын алғанымен, биыл қарғын су қауіп төндірді.
- Түнгі сағат 2:00 шамасында күйеуім «суға кеттік» деп оятты. Тұрсам аяғымның асты суға толы екен. Бірден балаларды көршіге апардық. Күйеуім насос тауып әкеліп, суды сорды. Бірақ су азайып, қайта толып қалып жатыр. Қазір ғана үйге адамдар келіп, су соруға кірісті. Неге көшенің суын сорып жүр, ал біздің үйіміз суда қалды. Біз оның себебін де білеміз. Ақжар ауылында жаңа жол салып, су сонда жиналды. Біз қапқа құм толтырып, баррикада жасадық. Оны біреу түнде ашып жіберген, - деді қала тұрғыны Татьяна Чубарь.
Ақтөбе қаласы Алматы ауданының әкімі Асланбек Шүйіншалиевтің айтуынша, су сору, құм төгу жұмыстарына 7 техника жұмылдырылған.
- Таңертең әкімдіктен адам барып, видеоға түсірді, акт жасады. Ол шығынды өтеу туралы сұрады. Оны комиссия шешеді. Жалпы Алматы ауданы бойынша тағы екі үйдің кіреберісіне су кірді. Оларда әжетханасындағы су көтеріліп кеткен, - деді Ақтөбе қаласы Алматы ауданының әкімі Асланбек Шүйіншалиев.
Ақтөбе қаласы әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, Ақжар тұрғын алабынан келетін дала суынан қорғау үшін Жаңа Қарғалыға бөгет салынды. Бүгінге дейін бөгет дала суларын ұстап тұрды.
- Жаңа Қарғалы тұрғындарының айтуынша, түнде белгісіз біреулер сол бөгетті техникамен ашып жіберген. Осының салдарынан Жаңа Қарғалыға қарай су кетті. Саяжайдағы үйдің ішіне су кірді. Үйі кепкенге дейін уақытша пункке бара тұру ұсынысы берілді, - деді Ақтөбе қаласы әкімі баспасөз хатшысы Айгүл Байменова.
Еске салсақ, Ақтөбе облысының Темір ауданында 5 үйге, 25 аулаға су кірді.