Үйірлі шегірткелерге қарсы күрес шаралары жалғасып жатыр

Фото: ҚР Үкіметі

АСТАНА. KAZINFORM — Қазіргі таңда ауыл шаруашылығы алқаптарының 2 млн. гектары өңделді. Зиянкестермен күрес шараларына 443 арнайы бүріккіш техника, соның ішінде 49 дрон жұмылдырылды. Зерттеу жұмыстарын 3,5 мыңнан астам адам жүргізіп жаты. Бұл туралы АШМ мәлім етті.

— Жергілікті жерлердегі жұмысты облыс әкімдерінің орынбасарлары басқаратын жедел штабтар үйлестіріп отыр. Шегірткелерге қатысты жағдай шекара маңындағы аумақтарда бақылауда тұр. Атап айтқанда, 2–6 маусым аралығында Қазақстан мен Қырғызстанның шекара маңы аумақтарында бірлескен зерттеулер жүргізілді, — делінген хабарламада.

Ал 9–13 маусым аралығында Қытай Халық Республикасының мамандарымен бірлескен зерттеулер өтті. Қазіргі таңда Қырғызстан мен Қытай тарапынан шегірткелердің ұшып келуі мен көшу қаупі жоқ.

Ресей Федерациясымен және Өзбекстан Республикасымен шекаралас аумақтар да тұрақты бақылауда тұр, шегірткелердің таралу ошақтары анықталған жоқ. Шегірткелерді бақылау және оларға қарсы күрес шаралары жоспарлы түрде жалғасады.

Бұған дейін хабарланғандай, биыл Қазақстанда шегіртке таралуы мүмкін аумақ 2,1 млн гектарға жетуі мүмкін.