деп хабарлайды ҚазАқпарат қалалық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Алматы қаласы ішкі істер департаментінің Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының аға лейтенанты Валерий Аваков мамырдың 27-сі күні қызметтік міндетін атқару кезінде қылмыскерлер келтірген дене жарақатынан операция үстелінде көз жұмған болатын. Ол өз әріптестерімен бірге Жароков пен Водозаборная көшелерінің қиылысында тексеру үшін «Мерседес» көлігін тоқтатады. Алайда «Айшуақ-Жантүгел» ұйымдасқан қылмыстық тобының күдікті екі мүшесі полицейлердің талабына бойұсынбай, қылмыстық жауапкершіліктен қашу мақсатында В. Аваковқа шабуыл жасайды.
«Ауыр жарақаттан аға лейтенант есін жимастан бірнеше сағаттан кейін операция үстелінде көз жұмды. Бұл қылмысқа байланысты департаментте арнайы жедел-тексеру тобы құрылды. Қозғалған қылмыстық іс бойынша күдіктілерге мемлекетаралық іздеу жарияланды», дейді Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының бастығы Валерий Козлов. Оның айтуынша, полицейлер шымкенттік әріптестерінен күдіктілердің тұрғын үйлердің бірінде баспана жалдап тұрып жатқаны туралы ақпарат алады.
Қылмыстық іздестіру органдарынан мұқият бой тасалауға бекінген оларды ұстау тәуліктің күндізгі уақытында жүзеге асырылды. Оған басқарма мүшелері шымкенттік әріптестерімен бірге «Арлан» арнайы бөлімшесінің жауынгерлерін де қатыстырған. Қылмыстық ортада біршама беделді 2 күдікті тұтқындау кезінде оларға еш қарсылық көрсете алмады. Алматыға жеткізілген қанішерлердің енді бұдан өзге де бірнеше аса ауыр қылмыстарға қатысы бар-жоқтығы анықталмақ.