Ұйымдасқан қылмысқа қарсы мемлекеттік тетікті күшейтетін заң жобасы Мәжіліске қайтарылды - Сенат

ТАНА. 6 қазан. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ұйымдасқан қылмысқа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР заңының жобасын екінші оқылымда қарап,

құжатты Мәжіліске қайтарды.

Естеріңізге сала кетейік, аталған заң жобасының негізгі мақсаты - қылмыстық ұйымдасқан нысандарына қарсы іс-қимылдың мемлекеттік тетіктерін күшейту, оған қарсы күрестің жаңа нысандары мен әдістерін енгізу, қаржылық көздерін, сондай-ақ оған мемлекеттік қызметшілердің қатысу фактілерін жою болып табылады. Сонымен қатар, заң жобасы мүлікті тәркілеу түрінде міндетті қосымша жазалауды, шартты түрде соттау, шарты түрде мерзімінен бұрын босату шараларының қолданылуын шектеуді, кәмілетке толмағандарды ұйымдасқан қылмысқа және трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа тартқаны үшін жауапкершілікті қатаңдатуды көздейді.

Сенаторлар енгізген өзгерістерге келсек, құжат бойынша қылмысқа қатысушылардың жаңа нысандарының ұғымдары БҰҰ-ның Трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа қарсы конвенциясына сәйкес келтіріліп отыр. Бұдан бөлек, «Жедел іздестіру қызметі туралы» заңға ұйымдасқан топ, қылмыстық қоғамдастық, трансұлттық ұйымдасқан топ пен трансұлттық қылмыстық қоғамдастық немесе тұрақты қарулы топ (банда) дайындайтын немесе жасайтын қылмыстар кезінде арнайы жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізуге негіз беретін толықтырулар енгізілген. Сонымен қатар, тағы бірқатар түзетулер редакциялық нақтылау сипатында болып табылады.