Ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасының қызметкерлері жедел іздестіру шарасы барысында нәресте ұрлаған қызды қолға түсірді - брифинг

None
АСТАНА. Желтоқсанның 22-сі. ҚазАқпарат /Құралай Орынбекқызы/ - Ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасының қызметкерлері жедел іздестіру шарасы барысында нәресте ұрлаған қызды қолға түсірді. Бұл туралы бүгін Астана қаласы Ішкі істер департаментінде өткен брифингте Ұйымдасқан қылмыспен күрес жөніндегі басқарма бастығы Сәкен Әбдірахманов мәлім етті,

  деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Астана қаласы ІІД «Алматы» аудандық Ішкі істер басқармасына 5 айлық нәрестенің жоғалғандығы туралы шағым түсті. Оқиға орнына жеткен полицейлер ұрланған нәрестенің анасы сол күні туған күнін атап өткендігін анықтады. Ал түнде анасы баласының жоқ екендігін байқаған. Баланың ата-анасы өздерінің көршісі 1992 жылғы А. есімді   қыз  алып кетуі мүмкін деп күдіктенді», - деді С.Әбдірахманов. Ұйымдасқан қылмыспен күрес жөніндегі басқарманың қызметкерлері дереу шұғыл қимылдап, ол қызды қолға түсірді, нәресте ата-анасына қайтарылды.

«13 жасынан бастап ата-анасынан оқшаулау өскен, кәмелетке толмаған күдікті елордада жалғыз пәтер жалдап тұрған. Бүгінде ол полиция қызметкерлеріне баланы қандай мақсатпен ұрлағандығы туралы жауап беруде.  Ол  Астана қаласы ІІД кәмелетке толмаған балаларды бейімдеу, оқшаулау, оңалту орталығына жабылды. Сондай-ақ ҚР Қылмыстық кодексі 125-ші бабының 2-ші бөлімі бойынша қылмыстық іс қозғау мәселелері қарастырылуда. Қазір психиатриялық сараптама жүргізілуде», - деп атап өтті басқарма бастығы.