Ұйымдасқан қылмыстық топтың бір мүшесінен атыс қаруы тәркіленді

АЛМАТЫ. 15 Қараша. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Алматы қалалық ұйымдасқан қылмыспен күрес басқарамасы "Найзағай" республикалық шарасы аясында "Айшуақ- Жантүгел" деп аталған ұйымдасқан қылмыстық топтың бір мүшесінен атыс қаруын тәркіледі.

Қылмыскерді ұстау жөніндегі арнайы операция Бостандық ауданында өткен.

"М. есімді 43 жастағы азамат ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшесі болып табылады. Біз оның көлігін Навои көшесінде тоқтаттық. Тексеру барысында оның қалтасынан жеті оқпен оқталған 7,62 мм оқпанды «ТТ» маркалы тапаншаны таптық",- деді Алматы қаласы ІІД ұйымдасқан қылмыспен күрес басқарамасының бастығы, полиция полковнигі Валерий Козлов.

Оның айтуынша, ұсталған азамат бұрын адам өлтіргендігі үшін сотталған. "Қазір оның бүгінгі қызметі және басқа да ауыр қылмыстарға қатысы бар, жоғы анықталатын болады. Ол қазір уақытша қамауға алынды. Ал тәркіленген тапанша баллистикалық сараптамаға жіберілді",- деді полковник Валерий Козлов.