«Ұйымдаспай ұтпайтын болдық» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. Шілденің 31-і. ҚазАқпарат - Қазақпарат агенттігі республикалық басылымдарда шілденің 30-ы және 31-інде жарық көрген өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

  «Ұйымдаспай ұтпайтын болдық». Осы тақырыппен «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған мақала кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кезекті селекторлық кеңеске арналған. Онда елімізде ауылдық тұтыну кооперативтерін (АТК) құруды дамыту мәселесі қаралған.  «Мемлекет басшысы елімізде АТК-лер құру идеясын қолдап, оған айрықша басымдық берді. Осыған сәйкес «Қазақстан Республикасындағы ауылдық тұтыну кооперативтері туралы»  Заң қабылданды. Бұл кооперативтерді құрудағы негізгі мақсат ортақ проблемаларды  шешу үшін  коммерциялық емес құрылым құру арқылы ұсақ тауар өндірушілерді  бір орталыққа біріктіру болып табылады», дейді газет тілшісі.

 Дағдарыстан кейінгі әлем институтының екінші халықаралық экономикалық зерттеулеріне дүниежүзінің 51 мемлекетінің 223 сарапшысы қатысқан. Бұл жөнінде ел газетінде жарық көрген «Дағдарысты ауыздықтайтын «жаңа толқын» атты мақалада айтылған. Мақалада «Осы сараптамалық зерттеу қорытындысында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев және Премьер-Министр Кәрім Мәсімов «жаңа толқын лидерлері» ретінде атап өтілді», делінген.

 Мемлекет басшысы Ақордада Үкіметтің қатысуымен өткен кеңесте  «Қалыптасқан күрделі жағдайға қармастан біз экономиканы тұрақты қалпында ұстай алдық, макроэкономикалық үрдістер басқару режімінде болды. Дегенмен, біз алдағы  уақытта да  жағдайға жіті қарап, босаңсуға жол бермеуіміз, дағдарыстың кез келген әуресіне әзір тұруымыз керек», дейді.  Бұл туралы «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Үкімет жұмысы оң бағаланды» деген мақаладан оқуға болады.

 Мемлекет басшысы қол қойған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ақша төлемі мен аударымы, қаржы ұйымдарының бухгалтерлік есебі мен қаржылық есептілігі, банк қызметі және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің қызметі туралы Қазақстан Республикасының заңнамасын жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы газеттің 5-6-шы беттерінде берілген.

 Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Жанат Түгелбаевтың  қазақ халқының жоңғар шапқыншылығына қарсы  азаттық күресі тарихында ерекше рөл атқарған батыры Бөгенбай Ақшаұлы туралы мақаласын «Егемен Қазақстан» газетінің соңғы бетінен оқуға болады.

                                                        ***
  «Менің өзім де «ов»-ты алып тастауға дайынмын». «Айқын» газетінің «Ақ сөйле» айдарында жарияланған Қазақстан Республикасы Жоғарғы соты кеңесінің төрағасы Оңалсын Жұмабековтың сұхбаты осылай деп аталыпты.

  О. Жұмабеков елдің сот жүйесін реформалау, заңнамаларын жетілдіру және судьялардың жауапкершілігі секілді келелі мәселелер төңірегіндегі пікірлерімен бөліседі. Ол сондай-ақ әлі бір ізге түспей келе жатқан, талай талқыға өзек болып жүрген қазақтың  аты-жөнін жазу төңірегіндегі мәселеге қатысты да өз ойын ортаға салады. «Сонымен ары ойланып, бері ойланып менің бір тоқтаған, ұсынатын үлгім мынадай: «Жұмабеков» дегеннің орнына «ов» деген аффиксті алып тастап, «тен» деген жалғаумен алмастырып, «Жұмабектен» десек, немесе «алпысбайдан», «Сүлейменнен» болады.  «Кімнің ұрпағы, кімнен тараған»  деген сұраққа әбден жауап беріп тұр», дейді Жоғарғы сот кеңесінің төрағасы.

                                                        ***

 «Айқын» басылымы сондай-ақ осы нөмірінде қазақтың дара ұлдарының бірі, елші, белгілі қоғам қайраткері, марқұм Шәріп Омаровты еске алып, оның қызы Аида Шәріпқызымен сұхбатты оқырман назарына тартқан.

«Әкем әлі Прагада тұрып жатқан тәрізді» деген тақырыппен берілген материалда Аида Шәріпқызы өмірден озған ата-аналары туралы тебірене еске алып, өздерінің бүгінгі тіршіліктерінен хабардар етеді.

                                                        ***

  «Адвокаттар ҰҚК-ні ұтты» деп жазады «Жас Алаш» газеті шілденің 30-ы, жұма күнгі нөмірінде.

Аталған мақалада  өткен аптада Алматы қалалық адвокаттар алқасының президиумында адвокат Данияр Қанафиннің мәселесі қаралып, онда адвокаттар алқасы Д. Қанафинге ҰҚК-нің тағып отырған айыбы негізсіз деп танылғаны жазылған. 

 «Жас Алаштың» осы нөмірінде «Қос азаматтыққа құрық табылмай тұр» деген тақырыппен журналист Шадияр Жарқымбектің мақаласы жарияланған.

«Қазақстанда қос азаматтыққа ие болуға ниеттілер соңғы кездері көбейіп келеді.  Олар - негізінен Ресеймен шекаралас аудандардың  тұрғындары.  Атап айтқанда, Павлодар, Батыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарында «қосмекенділер» жиі кездеседі. Бас прокуратура таратқан мәлімет бойынша, 2007 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда, 2008 жылы қос төлқұжатқа ие адамдардың саны елімізде шамамен 50 пайызға көбейген. Қос азаматтық алуға түрткі болып отырған нәрсе не сонда?» - деп ой тастаған тілші әрі қарай нақты деректерге жүгінеді.