Ұйымдастырушылар мүмкіндігі шектеулі қыз-келіншектерге арналған байқау жөнінде айтып берді

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қазақстанда «Ұлы Дала Ханшайымы» атты мүмкіндігі шектеулі қыз-келіншектерге арналған байқау өтеді.

Бүгін Алматыда өткен баспасөз мәслихатында «Алма-Ата» әйелдер клубының төрайымы Бент-Анат Бейсембаева байқауды өткізу идеясы қалай туындағанын айтып берді. Байқауды ұйымдастыру туралы ой ресейлік телебағдарламадан қоғам қайраткері, арбаға таңылған арулар арасындағы «Әлем аруы-2013» байқауының жеңімпазы Ксения Безуглованы көргеннен кейін туындады.  

«Алма-Ата»  әйелдер клубының басқарма мүшесі Дариға Тшенсовскаяның айтуынша, ұйымдастырушылар К.Безугловамен хабарласып, байқау туралы ойларын айтқан. «Ксения келісімін берді. Және байқау жеңімпазының «Өркениет аруы - 2016» байқауына жолдама алуы туралы келісімін алдық. Бұл Қазақстандағы мүгедек әйелдер үшін үлкен мүмкіндік болмақ», - деді ол.

Сонымен бірге, ұйымдастырушылар байқау жүлделері туралы әңгімеледі: «Бас жүлдені құпияда қалдырамыз. Айтарым, ол сыйлық әрбір адам алғысы келетін зат болады», - деді Д.Тшенсовская.

Баспасөз-конференциясы кезінде екінші орын иегеріне Араб Әмірліктеріне - екі билет, үшінші орынға теледидар берілетіні хабарланды. «Сондай-ақ қатысушылардың барлығы бағалы сыйлықтар алады», - деп уәде етті ұйымдастырушылар.

Бұған дейін  хабарланғандай, шараны «Алма-Ата» Әйелдер клубы қоғамдық ұйымы қолға алып отыр.  Байқауға 21 және 50 жас аралығындағы, тағдырдың тәлкегімен мүгедек арбасына таңылған қыз-келіншектер қатыса алады.

Сайыс төрт кезеңнен тұрады: Бірінші, 6 қазанға дейін өтініштер қабылданады. Қатысушылардың сұрауы бойынша іріктеу кезеңі 2016 жылдың 6 қазанынан 11 қазанға дейін өтеді. Іріктелген қатысушыларды дайындау кезеңі  11 қазаннан  11 қарашаға дейін жүреді.

Жарыс финалы  12 қарашада «Алматы Тауэрс» ғимаратының «Ball room» салтанат залында өтеді.

Қатысушылармен жаттықтырушылар, хореографтар, стилистер, визажистер және психологтар жұмыс жүргізетін болады.

Қорытынды кешке Қазақстанның эстарада жұлдыздары қатысады.

Жарысқа қатысу сауалнамасын www.womensclub.kz «Алма-Ата» Әйелдер клубының сайтынан табуға болады.