Ұзақ жасаудың сыры үнемі қимыл-қозғалыста – 100 жастағы майдангер

Фото: Ғайсағали Сейтақ/Kazinform

ОРАЛ. KAZINFORM – Орал қаласында тұратын Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері Борис Шолубай биылғы 13 ақпанда өзінің 100 жасқа толғанын атап өтті. Борис Сергеевич ғасыр жасаудың сыры үнемі қимыл-қозғалыста деп біледі.

Украинаның Винница облысында өмір есігін ашқан Борис Шолубайдың жастық жағы жалынға шарпылды. 1941 жылы басталған соғыс Украина жерін де жайпап өткені белгілі.

Өзінің айтуынша, ол кезде мектепте алаңсыз оқып жүрген еді. Бірақ қанқұйлы соғыс бәрін адыра қалдырды. Днепр бойында қорғаныс бекіністерін жасауға қатысты. Кейін жасы 18-ге толған соң Башқұртстанда жаяу әскер училищесінде бірнеше ай бойы білім-білігін кеңейтіп әрі жаттығып, майданға аттанды. 2-Украина майданы атақты қолбасшы Василий Чуйков басқарған 8-гвардия армиясы 50-атқыштар дивизиясы құрамында талай шайқасқа қатысты.

«Неміс фашистері Берлиннен Сталинградқа дейін жетсе, біз оларды кейін қудық. Үлкенді-кішілі жүздеген қаланы азат еттік. Запорожьеде бірінші рет аяғымнан жараландым. Кейін Мажарстан жерінде снаряд жарықшағы иығымды жұлып әкетті, шодырайған орны әлі бар, ұстап көруге болады. Ес-түсімнен айырылып қалыппын. Сол кезде мені өлдіге санап, анама «қара қағаз» жіберіпті. Есімді госпитальда жидым», дейді Борис Шолубай.

Фото: Ғайсағали Сейтақ/Kazinform

Оның сөзіне қарағанда, соғыс кезінде талай қауіп-қатермен бетпе-бет келген. Бірде шағын өзеннен өтіп, деревняда кейін шегіне алмай, бірнеше жауынгер қалып қойған. Сонда төрт күн бойы бір үйдің шатырында жасырынып жатқан. Абырой болғанда, ұраларға граната тастап, тас-талқан еткен жау шатырға шыға қоймаған. Кейін кеңес жауынгерлерінің шабуылы басталған кезде өз бөліміне қайта қосылған. 

«Жаяу жүгіріп келе жатып, қасыңдағы адамның құлағанын көресің. Қарасаң, снарядтан не оқтан қаза тапқан. Көзден жас, жүректен шер төгіледі. Бірақ жылайтын уақыт жоқ, қайғыратын кез емес. Қайтадан шабуылға қосылып, жөнелесің. Ондай соғысты ұрпағымыз көрмесін», дейді Борис Сергеевич.

Фото: Ғайсағали Сейтақ/Kazinform

1945 жылдың ақпанында аға лейтенант шенімен екінші топ мүгедегі ретінде үйіне оралған майдангер көп жата алмай, елмен бірге қираған шаруашылықты қалпына келтіруге кіріседі. Коми Республикасы ішкі істер органдарында сегіз жыл бойы қызмет еткен Борис Шолубай футболды да жақсы ойнады. Шеберлер командасында өнер көрсетіп, дене тәрбиесі пәні мұғалімі болып та еңбек етті. 1951 жылы Евдокия Арсентьевнаға үйленіп, одан Сергей, Олег және Виктория есімді ұл-қыз сүйді. Қазір солардан немере, шөбере, жиен көріп отыр.

Фото: Ғайсағали Сейтақ/Kazinform

1955 жылы Борис Шолубай өмірінің жаңа парағы басталды деуге болады. Осы жылы Қазақстанға тың игеруге аттанған ол Бөрлі ауданында тракторға отырды, кейін бригадир де болды. Маңдай терін сыпыра еңбек етіп, шаруашылықтың аяғынан тік тұруына өз үлесін қосты. Ал 1975 жылы Сәңкібай разъезінде темір жолда электр монтер ретінде жұмысқа кірісіп, зейнетке шыққанша сонда жемісті қызмет етті. Мұнда да өз учаскесінде ерекше көзге түсе білді. Сол жылдары пойыздар әр 15-20 минут сайын өтіп тұратын. Бірде ол рельстің орнынан шығып кеткенін байқап, диспетчерге дер кезінде хабар беріп үлгереді. Сөйтіп Алматы-Мәскеу жолаушылар пойызының рельстен тайқып кетуіне жол берген жоқ. Енді бірде бой тасалап жүрген қылмыскермен сөйлесіп, милиция жеткенше алдандырып тұрды.

Фото: Ғайсағали Сейтақ/Kazinform

Майдангерді өзі бұрын қызмет еткен Орал сигнализация және байланыс дистанциясы, қаладағы басқа да мекеме-ұйымдар еш ұмытқан емес, мейрамдарда үнемі құттықтап тұрады. 

Украинаға барып, қазір Воронежде тұратын ұлы Сергеймен бірге ғұмыр кешіп көрген Борис Шолубай 2014 жылы Оралға қайта оралды. 2020 жылы жан жары өмірден озып, күні бүгін қызы Виктория мен күйеу баласы Михаил Елизаровпен бірге тұрады. 

М.Елизаровтың айтуынша, Борис Сергеевич әлі де тың, тамағын өзі ішеді, әжетханаға өзі барады. Тек жасы келген соң, сыртқа шықпайды. Өз замандастарымен шахмат ойнағанды жақсы көреді. Келген қонақты қарсы алып, барынша сөйлеседі. Өлең жазатын өнері де бар. 

Фото: Ғайсағали Сейтақ/Kazinform

«Ұзақ жасаудың сыры үнемі қимыл-қозғалыста деп білемін. Қазір де таңда жаттығу жасаймын. Үй ішінде жүріп-тұрамын. Жеңіс күніне орай Қазақстан халқына, ең бастысы, денсаулық тілеймін. Денсаулық болса, бәрі де болады. Кейінгі жастарға менің жасымды берсін!», дейді ғасыр жасаған Борис Шолубай.