Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Алматыдағы кешегі жұмыс сапары айрықша толымды әрі жемісті болды. Ел Президенті "Райымбек батыр" бекетінде метрополитен құрылысының барысымен танысып, "Қазақстанның Халық банкі" АҚ-тың жаңа орталық кеңсесін аралап көрді, "Бұқар жырау Тауэрс" тұрғын үй кешенінің құрылыс алаңында болды, сондай-ақ қалалық әкімдікте Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 65 жылдығына орай бір топ ардагерлерге жаңа пәтер кілттері мен марапаттар тапсырды. Аталған тақырыпты арқау еткен мақала «Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санында «Алматы әрқашан көңілімнің төрінде» деген атпен беріліпті. «Елбасы ардагерлерге тұрғын үй құрылысын қарқындатуға бағытталған мемлекеттің игі істері жайында әңгімеледі. Айталық, Қазақстандағы бүкіл тұрғын үй құрылысының 16 пайыздан астамы Алматы үлесіне тиеді. Мұндағы үлескерлер саны да көп. Қаржы дағдарысына және үлескерлердің келісім-шартты жеке меншік құрылыс компанияларымен жасасқанына қармастан, мемлекет осы орайда қалыптасқан түйткілді ахуалға кірісіп, алданған адамдарға көмектесу мақсатында қаржы бөлді», - деп жазды басылым.
Жақында адамзат екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталған мерейтойын атап өтеді. Әлемде әлі де осы соғысқа қатысқан миллиондаған адам бар. Бірақ тарих пен осы заманның айырмашылығы сол, АҚШ-тың бұрынғы вице-президенті Уолтер Мондейл айтқандай, "үшінші дүниежүзілік соғысқа қатысушылар қалмайды". Қазіргі заманның жылдам өзгеретін жаңалықтары қауіпсіздіктің ескі тетіктеріне жаңаша қарауды қажет етеді. Соның ішінде, әрине, ядролық қауіпсіздік бірінші орында. «Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі саны «Алып ауқымды әлем және ядролық қауіпсіздік» деген тақырыппен Елбасы Н.Назарбаевтың Ядролық қарусыздануға байланысты өткен жаһандық саммитте сөйлеген сөзіндегі негізгі мәселелерге тоқталыпты.
***
«Өңірлердің әлеуметтік-экономикалық потенциалын біріздендіру Елбасы Жолдауынан бастап, мемлекеттік бағдарламалар мәтінінде басты назарға алынатын алғышарт ретінде көрсетіліп жүр. Алайда осындай міндет пен мақсат қойып жатқанымызға қарамастан, бүгінгі күн тәжірибесі облыстарымыздың әлеуетіндегі айырма уақыт өткен сайын алшақтап бара жатқандығын айғақтайды. Көбіне бұл құбылысты мамандар жағрафиялық, табиғи ресурстар түрлілігімен, өндіріс күші мен инвестицияның орналасу ерекшелігімен түсіндіріп жатады. Бірақ зерттей келгенімізде, бұл арадағы негізгі мәселе аймақтарда инфрақұрылымдардың дамымауына, көлік пен байланыс жүйесі тораптарының әртараптандырылмауына келіп тірелуде», - деп жазды «Алаш айнасы» газетінің бүгінгі саны. Бұл туралы толығырақ газеттегі «Дамудағы алшақтық: көрсеткіштер мен себеп-салдарлар» деген тақырыппен берілген мақаладан оқи аласыздар.
«Басшысы жоқ мектеп қайтіп күн көрер?..» Осы тақырыппен берілген аталған басылымдағы келесі мақала қоғамдағы тағы бір келеңсіздікті ортаға салыпты. «Жасырары жоқ, біздің елде директоры жоқ мектептер де бар. Шағын жинақты мектеп деген атауы бар бұл білім ошақтарының жай-күйі жаңа технологиялар мықтап дамыған ғасырда «тас дәуірін» еске түсіреді. Оңтүстік Қазақстан облысы Төлеби ауданындағы Кіші Алшалы ауылындағы Ә.Молдағұлова атындағы мектепте небәрі 18 ғана оқушы бар. 30 шақты түтіні бар ауылда бастауыш мектептің барына шүкіршілік ететіндер де бар. 4 сыныпты бітірген оқушылар ары қарай білімін жалғастыру үшін көрші ауылдарға қатынап оқуға мәжбүр. Үлкен Алшалыдағы мектептің өзі де - 9 сыныптық қана. Одан әрі Ұзынарық ауылындағы орта мектепке барады», - дейді басылым.
Польша астанасы Варшавада бокстан XXVII халықаралық «Феликс Стамм» турнирі аяқталды. Бұл сында алты боксшымыз финалға шығып, олардың тең жартысы алтын, ал қалған үшеуі күміс медаль олжалады. Байрақты бәсекедегі шаршы алаңның қызығын «Алаш айнасы» газетінің бүгінгі санындағы «Жетеудің алтауы жүлде алды» атты мақаладан оқи аласыздар.
Сондай-ақ «Алаш айнасы» газетінің дәстүрлі «Ой-көкпар» айдарында профессор, фармацевтика ғылымының докторы Кеңес Үшбаев пен СПИД-тің алдын алу және онымен күрестің республикалық орталығының бас директоры Владимир Слесарев «Есірткіні алмастыратын «метадондық бағдарлама» нашақорлықпен күрестің тиімді жолы бола ала ма?» деген сауал төңірегінде пікір таластырыпты.
***
Бүкіл әлем әлі күнге Қырғызстанға сырттай бақылып, сынай қарап қана отыр, тіпті қырғыз жерінің қойнауында бар алтын сынды азды-көпті кендерінің көбін астына басқан, яғни экономикалық мүддесі мол Ресейдің өзі 30 миллион доллар қарыз-қаржы беретіндігін айтумен тынды. Ал Қазақстан қандай көмек береді? Бұл туралы толығырақ «Айқын» басылымының бүгінгі санында жарық көрген «Қазақ Үкіметі қамқор қолын созды» атты мақаладан оқи аласыздар.
«Ұзақ жасайтын қазақтың санын қалай көбейтеміз?». Осындай сауалға құрылған «Айқын» гезетіндегі келесі мақала Қазақстанда геронтологияның көкейкесті мәселелері мен оны жетілдірудің жолдарына талдау жасапты. «Елбасының Қазақстан халқына арнаған жолдауында адам денсаулығын сақтауға, олардың өмір жасын ұзартудың жолдарын қарастыруға ерекше мән беріліп, азаматтарымыздың белсенді өмір сүруін орташа 72 жасқа жеткізу тапсырылды. Алайда мұның үш жағы бар: бірінші - әлеуметтік, екінші - биологиялық және үшіншісі - медициналық жағы. Осы мәселелерді бірінен бірі ажырағысыз қарастырып, нақты шаралар қолданғанда ғана, елімізде адам жасын ұлғайтуға болады екен», - деп жазды басылым.
«Елбасының тапсырмасы бойынша бірде-бір шағын және орта бизнес бақылаусыз қалған жоқ», - дейді Қаржы министрі Болат Жәмішев «Айқын» газетіне берген сұхбатында. Қаржы саласындағы өзекті мәселелер төңірегінде министрмен ой бөліскіңіз келсе, аталған басылымның «Ақ сөйле!» айдарындағы сұхбатқа назар аударыңыз.
***
Кеше Астанада ТМД елдері мұғалімдерінің басын қосқан I құрылтай басталды. Білім және ғылым министрлігінің бастамасымен өөткізіліп жатқан съезге 500-ге тарта білікті мамандар қатысуда. Егжей-тегжейін «Астана ақшамы» басылымының бүгінгі санында жарық көрген «ТМД елдері мұғалімдерінің I съез басталды» деген мақаладан оқи аласыздар.
Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының солисі, Құрманғазы атындағы Ұлттық консерваторияның профессоры, Мәскеу халықаралық шығармашылық академиясының академигі Шахимардан Әбілов асқарлы алпыс жасқа толып отыр. Осыған орай «Астана ақшамы» газетінің бүгінгі саны әйгілі өнер саңлағымен сұхбаттасып, шығармашылығы жөнінде ұлттық ән классикамыз төңірегінде әңгіме өрбітіпті. Сұхбат «Бір күн ән айтпасам, ауырып қаламын» деген тақырыппен берілген.
Ағымдағы айдың басында елорданың әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты өткен алқалы жиында Елбасы Нұрсұлтан Назарбев қала әкімдігіне бас қаладағы баспана мәселесін шешуді мықтап тапсырды. «Нұр Отан» ХДП-ның Астана қаласы бойынша филиалына аталған тапсырманың орындалуын қадағалауды жүктеді. «Астана ақшамы» газетіндегі «Баспана мәселесін байыптай білейік» атты келесі мақалада «Нұр Отан» партиясының елордалық филиалы төрағасының орынбасары Әмірхан Рахымжанов, Астана қаласы Тұрғын үй басқармасы бастығының орынбасары Руслан Ахметов пен Құрылыс басқармасының бастығы Владимир Лютов елордадағы баспана мәселесіне қатысты туындаған сауалдарға жауап беріпті.