Үздік аудармашы-іс жүргізуші Гүлнарима Садықова - Павлодар
07:51, 03 Сәуір 2012
ПАВЛОДАР. 3 сәуір. ҚазАқпарат - Павлодар облысының № 22 мектебінің аудармашы-іс жүргізушісі Гүлнарима Садықова аудармашылар арасында өткен «Мемлекеттік тіл және мемлекеттік қызмет-2012» қалалық байқауының бас жүлдесін иеленді,
деп хабарлайды қала әкімінің баспасөз қызметінен.
Оған облыс орталығының 24 мекемесі мен кәсіпорындарының қызметкерлері қатысты.
Байқауға қатысушылардан күнделікті өмірде қолданылатын құжаттарды аудара білуге, іскерлік стильді меңгеріп, тілді көркем аудармалар деңгейінде білулері талап етілді. Қазылар алқасы мамандардың сөздік қоры мен аудармаларының сапасына ерекше назар аударды.
«Жаңа терминдер әлемі» тапсырмасын орындай отырып, жарысқа қатысушылар білімдерінің жоғары деңгейін, мемлекеттік комиссиямен бекітілген терминдерді қолдана білетіндерін көрсетті.
Байқау жүлдегерлеріне мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінен дипломдар, сыйлықтар табыс етілді. Жеңімпаз атанған Гүлнарима Садықова облыстық аудармашылар байқауына қатысады.