«Үздік инвестор» байқауына қатысушылар саны 200-ден асты

АЛМАТЫ. 5 қараша. ҚазАқпарат /Ербол Тұрымбетов/ - Қазақстанда «Үздік инвестор» байқауы жалғасуда. Бүгінге дейін өтініштерді тіркеу кезіндегі қатысушылардың саны 200-ден асты.

Белгілі болғандай, байқау аяқталысымен, жеңімпаз бас жүлде - 500 мың теңгеге ие болады. Ал басқа да үздік нәтиже көрсеткендер бағалы сыйлықтармен марапатталады.

Қазіргі уақытта аралық бақылау 10 көшбасшыны анықтады. Бірінші орында 1819 пайыздық кіріспен ең жоғарғы көрсеткіш иегері топ басында тұр. Ал мұндағы орташа жылдық кіріс мөлшері 80-100 % құрап отыр. Ағымдағы жылдың 15 қыркүйегінен басталған конкурс 15 желтоқсанға дейін жалғасады. Оған кәмелет жасқа толған және брокерлік есеп-шотын ашқан ҚР-ның резиденттері қатыса алады. Байқау Алматы қаласы аймақтық қаржы орталығының қолдауымен Жеке инвесторлар клубы және нарықтың кәсіпқой қатысушыларының бірлескен ықпалымен өткізіліп отыр.

«Мені, біріншіден, қатысушыларға тегін брокерлік қызмет қызықтырса, екіншіден, конкурс барысында мен брокерлік компаниялармен бірге, басқа да нарық қатысушыларынан өзіме керекті мәліметтерді ала аламын. Сонымен бірге, олармен тәжірибе алмасу мүмкіндігім болады», - дейді Евгений Сихимов.

Бұл пікірді байқаудың тағы бір қатысушысы Андрей Смоляков та қостады: «Конкурс көптеген мүмкіндіктерге жол ашады. Біріншіден, комиссияның жоқтығы, екіншіден, сый қоры. Сондықтан, біз бағалы қағаздармен қалай саудаласу керектігі мен Жеке инвесторлар клубында оқу мүмкіндігіміз бар»,- дейді ол.

Жеке инвесторлар клубының жетекшісі Серік Омаровтың сөзіне қарағанда, бастамашыл инвестордың ең басты қателігі - капиталды басқарудағы тәуекелділікке дұрыс қарамау. Бұл қандай да бір инвестициялық стратегияның жоқтығы мен инвестициялық шешімдерді жүйесіз қабылданатындығын айғақтайды. «Менің кеңесім - оқу, оқу және оқу. Өзінің қаржы сауаттылығын әрдайым көтеріп отыру, нарықты уақыт өткен сайын емес, мақсатты түрде және ылғи ізденіп отыру керек»,-деді ол.