Үздіксіз білім беру қазіргі таңда өте маңызды-Ә.Әбішев

АЛМАТЫ. Қаңтардың 21-і. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Сапалы экономика мамандарын дайындау үшін үздіксіз экономикалық білім беруді қамтамасыз ету қажет. Бұл туралы бүгін Алматыда «Үздіксіз білім беру: методикалық қамту мен білім беруді жетілдіру»

атты V-ші республикалық оқу-методикалық конференцияны ашқан, Т. Рысқұлов атындағы ҚазЭУ ректоры Әли Әбішев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ҚазЭУ ректорының айтуынша қазір білім үрдістерінен, базалық теоретикалық білімнен жылдам даму үстіндегі өндіріске жақындау қажет. «Қазіргі таңда мектептерде ертерек мамандыққа бейімдеу тәжірибесі бар. Бұл жастарға мамандық таңдауда үлкен көмек. Алдағы уақытта осы бағытты дамыту қажет», дейді Ә.Әбішев.

2 күн бойы өтетін конференцияға жоғары оқу орындары мен мектептердің, колледждердің басшылары мен ұстаздары қатысуда. Конференция барысында үздіксіз білім беру сапасын арттыру, жетілдіру мәселелері талқыланып, нақты ұсыныстар бойынша шешім қабылданбақ.