Ұжымдық иммунитет қалыптастыру үшін қанша адам вакцина алуы керек

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мамандар ұжымдық иммунитет қалыптастыру үшін елімізде қанша адамға вакцина салу керектігін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында КВИ-дің жаңа штамдарының пайда болуын ескере отырып, ұжымдық иммунитет қалыптастыру үшін Қазақстан халқының қанша үлесі вакцина салдыруы керектігі сұралды.

ҚР ДСМ Ұлттық Фтизиопульмонология ғылыми орталығы директорының клиникалық және ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Ләззат Ералиеваның пайымынша, Қазақстан халқының жалпы санын ескере отырып, ұжымдық иммунитет қалыптастыру үшін 10-11 млн адам вакцина алуы керек.

Өз кезегінде ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының «Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми- практикалық орталығы» филиалы директорының орынбасары Манар Смағұл КВИ-ге қарсы вакцина балалар мен жүкті әйелдерге салынбайтынын еске салды.

«Өздеріңіз білесіздер, Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан биыл 10 млн адамға вакцина салу бойынша жоспар жарияланған болатын. Егер біз вакцинациялауға жататын адамдардың 80 пайызына екпе салынса, яғни 18-ден асқан адамдар екпе алса, бұл оңтайлы деңгей КВИ церкуляциясын азайтып, қалыпты өмір жағдайын оралуға мүмкіндік береді», - деді М. Смағұл.

Айта кетейік, ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы басқарма төрағасының орынбасары Айнагүл Қуатбаева жүктілікті вакциналаудан кейін 2 ай өткен соң жоспарлауға болатынын жеткізді.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Үкімет басшысы Асқар Мамин сәуір айынан бастап өңірлерде ай сайын 2 миллион адамға вакцина салынатынын айтты.

Қыркүйек айында жалпы 10 миллион азаматқа екпе салынып, вакциналау жұмысы аяқталады.