Ұзынағашта «Текті сөздің төресі - терме» республикалық жыршы-термешілер байқауы өтеді - Алматы облысы
Бұл шара сондай-ақ ақиық ақын, айтыс өнерінің алтын діңгегі болған Сүйінбай Аронұлының 200 жылдық мерейтойына орайластырылып отыр.
Алматы облысы Жамбыл ауданы Ұзынағаш ауылында өтетін байқауға еліміздің 14 өңірінен және Астана, Алматы қалаларынан облыстық, қалалық деңгейде өткізілген байқаулардың жеңімпаздары (барлығы 16 үміткер) қатысады.
Ұлттық тәрбие мен халықтық өнерді насихаттауға бағытталған бұл байқаудың басты мақсаты жыршылық-термешілік өнерге жаңаша серпін беру арқылы әдеби тілді дамытуға үлес қосу.
Дәстүрлі ұлттық өнердің танымал тұлғаларынан, ғалымдарынан құралған қазылар алқасы үміткерлердің орындаушылық шеберлігін бағалап, жеңімпаздарды анықтайды. Байқау жеңімпаздары дипломдармен, алғыс хаттармен және қаржылай сыйлықтармен марапатталады.
Байқауда танымал жыршы-термешілер, дәстүрлі әншілер, эстрада жұлдыздары өнер көрсетеді, деп хабарлады шараны ұйымдастыру комитетінен.