В. Багрунов әдістемесі осыған дейінгі адам дауысына қатысты барлық теорияларды жоққа шығарып отыр

АЛМАТЫ. Наурыздың 19-ы. ҚазАқпарат /Ернар Бекен/ – Бүгін Алматыда өткен баспасөз мәслихатында дауысты баптаудың бірегей жүйесінің авторы, кәсіби психолог, Владимир Багрунов өзінің адам дауысына қатысты жүргізген зерттеу нәтижелерімен таныстырды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат. Қазақстанға өзінің әдістемесін паш ету мақсатымен Петербор қаласынан арнайы сапарлап келген В. Багрунов тәжірибелерді өзіне қолдану арқылы адам дауысының соны мүмкіндіктерін ашты және осыған дейін ғалымдар айтып келген барлық теориялардың дұрыс еместігін дәлелдеп берді. «Менің зерттеулерім Шаляпиннің әншілік өнеріне сүйеніп жасалды. Ол ән салған кезде, әдеттегідей тамақ бұлшық еттеріне күш салмай-ақ қолқа арқылы дыбыс шығарған. Осы жайтты ескере отырып, Шаляпиннің дауысының құдіретіндегі құпияны шештім және табиғи дауысты қалпына келтірудің әдістемесін жасап шығардым», - дейді В. Багрунов. Әдістемені игеру арнайы білімді қажет етпейді, сондай-ақ әрбір адамға шынайы, күшті және мәнерлеп сөйлей алу қабілетіне қол жеткізуге мүмкіндік береді. Өз әдісі арқылы В. Багрунов мыңнан астам адамды оқытқан. Олардың барлығы тамағына күш түсірмей-ақ сөйлеу дыбысының деңгейін реттеу, ұзақ уақыт сөйлеу қабілетіне ие болған көрінеді.