В. Божко: Астанадағы тұрғын үйлерде судың ластанғаны туралы қауесетке алаңдауға еш негіз жоқ

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін су тасқыны қауіптеріне байланысты өткен баспасөз мәслихаты барысында Ішкі істер министрінің орынбасары Владимир Божко Астана қаласындағы судың ластануы туралы жұртшылық арасында тарап кеткен қауесетке жауап берді.

Еске салайық, бұған дейін әлеуметтік желілерде Астанада тазарту стансалары су тасқынының астында қалғандықтан, апта соңына дейін тұрғын үйлерде суды пайдалануға қатаң тыйым салынатындығы туралы қауесет таралып, үйлерде ауыз суды мүлдем пайдаланбау туралы кеңестер айтылған.

Министр орынбасары брифингте ондай жел сөздің шындыққа еш жанаспайтынын алға тартады. Бұл ретте бұған дейін де әлеуметтік желіде «банк туралы жалған ақпар таратқан біреудің мерзімге кесілгенін» еске салған В. Божко, осы жолы да тиістілер жазаланатынын айтып қалды.

«Қазір су іркуіш нысандардың барлығы да біздің ерекше бақылауымызда тұр. Соның ішінде су іркуіш нысанның біреуін уақытша тоқтаттық, өйткені қатер туды, бірақ суды бақылау жұмысы жалғасуда. Сондықтан да, су режиміне немесе судың сапасына қатысты ешқандай да бұзылушылықтар орын алған жоқ, алаңдауға еш негіз жоқ, суды іше беруге болады. Дегенмен, басқа бір мәселе бар, өзендерден, даладағы құдықтардан суды пайдаланғанда мұқият болған дұрыс, ондайларға қар суы қосылуы ықтимал»,- деді В. Божко.