В.Божко ОҚО-дағы қыс мезгіліне дайындық барысын пысықтады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысына жасаған жұмыс сапары барысында вице-министр Владимир Божко өңірдегі жергілікті билік өкілдерімен кездесіп, төтенше жағдайлардың алдын алу жайы мен қыс мезгіліне дайындық барысын пысықтады.

Бұл туралы ОҚО әкімінің баспасөз қызметінен хабарлады.

Облыста өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету аясында 1685 нысанға тексеріс жүргізілді. Нәтижесінде 27 миллион 975 мың теңге айыппұл салынды. Төтенше жағдайлардың алдын алу мен оны болдырмаудың мақсатында департамент тарапынан көптеген насихаттық жұмыстар жүргізілді. Мәселен, 8 пресс-конференция мен брифингтер, 8 видеороликтер түсіріліп, жергілікті телеарналардан көрсетілді. Сонымен қатар, 40 мың плакат таратылып, 68 билборд көше бойларына ілінді. Сондай-ақ, Владимир Божко облыс әкімінің бірінші орынбасары Дархан Сатыбалды мен Сарыағаш ауданының әкімі Бұхарбай Пармановқа «ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетіне 20 жыл» мерекелік медалін табыс етті. Облысқа екі күндік сапарымен келген вице-министр Шымкенттегі «Достық» шағын ауданында орналасқан жаңа өрт сөндіру депосының ашылуына қатысып, Шардара суқоймасы мен «Көксарай» су реттегіші нысандарын аралау жоспарланып отыр.