В. Божко Үкімет басшысынан халыққа төтенше жағдайлар жөнінде дабыл беретін құрылғыларды орнату туралы әкімдіктерге тапсырма беруді сұрады

None
АСТАНА. 14 қаңтар. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - ҚР Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко, бүгін ведомствоның кеңейтілген алқа мәжілісінде ҚР Үкіметінің басшысы Кәрім Мәсімовтен әкімдіктерге халыққа төтенше жағдайлар туралы дабыл беретін құрылғыларды орнатуға тапсырма беруді сұрады.

В.Божко атап көрсеткендей, 2010 жылы ТЖМ-ның қолданысына халықты хабарландыруға арналған басты құрылғылар тапсырылды. "Олар жұмысқа жарамды, бірақ үйлер мен тұрғын үй ғимараттарында олардың саны азайып барады. Жүйені қаржыландыру және жаңғырту мәселелерінің жергілікті деңгейде шешілуі өте төмен. Нақты айтқанда, мүлдем шешіліп жатқан жоқ десе болады», - деді ол.

Сонымен бірге министр, төтенше жағдайлар жөнінде ұялы телефондар арқылы хабарлау тәжірибесі мүлдем қолданылмай отырғанын айтты.

Осы ретте ведомство басшысы, К.Мәсімовке әкімдіктерге қалалар мен елді мекендерде дабыл қағатын және дыбыс күшейткіш құралдарды орнатуға тапсырма беруді өтінді. Оның сөзіне қарағанда, бұл түйткілді шешу мәселесімен бүгінгі күні тек бір ғана өңір - Батыс Қазақстан облысы айналысып отыр.