Еске сала кетейік, В.Челах ҚР ҚК-нің 2-бөлімі 96-бабының «а, в, д, к, н» тармақтарында; 1-бөлімі 175-бабының «б,в» тармақтарында; 3-бөлімінің 255 бабы, «а» тармағында; 1-бөлімі 251-бабында, 2-бөлімі 387-бабында, 2-бөлімі 145-бабында көзделген қылмыстар жасағаны үшін өмір бойы бас бостандығынан айыруға сотталған болатын.
«Адвокат өзінің өтінішінде В.В.Челахқа қатысты мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер бойынша әскери соттың үкімін, бірінші инстанциядағы осы үкімді өзгеріссіз қалдырған әскери соттың апеляциялық және кассациялық сот алқаларының қаулыларын толық көлемінде алып тастап, қылмыстық істі қысқартуды сұрайды», - деп атап өтілген баспасөз баянында.
ҚР ҚПК-інің 463-бабына сәйкес заңды күшіне енген сот актілерін қайта қарау туралы өтінішті сот алдын ала түскен күнінен бастап бір ай ішінде, ал іс талап етілген жағдайда - іс түскен күннен бастап бір ай ішінде зерделейді.
Аталған өтінішті алдын ала қарау қорытындылары бойынша сот қадағалауы тәртібімен іс бойынша өндірісті қозғау үшін негіз бар немесе жоғы туралы мәселе шешілетін болады.