Вьетнам Қазақстанды Орталық Азияда негізгі әріптесі ретінде қарастырады - ҚР СІМ

None
АСТАНА. ҚазАқпарат -22-23 қазанда Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Асқар Мусинов пен Вьетнам Социалистік Республикасы Өнеркәсіп және сауда министрінің орынбасары Хоанг Куок Выонгтың төрағалығымен Сауда-экономикалық және ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі қазақстан-вьетнам Үкіметаралық комиссиясының кезекті 7-ші отырысы өтті, деп хабарлады ҚР СІМ баспасөз қызметінен.

Отырыс барысында Қазақстан мен Вьетнам арасында екіжақты қатынас ықпалдастығының қазіргі деңгейіне сай кең ауқымды мәселелер бойынша пікір алмасу өтті. Атап айтқанда, тараптар саяси, сауда-экономикалық және инвестициялық, білім және ғылым, ауыл шаруашылығы, мәдениет, туризм және спорт салаларында ынтымақтастық мәселелерін талқылады.

А. Мусинов өз сөзінде «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасын, бес институционалдық реформаны, «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын және тағы басқаларын жүзеге асыру бойынша ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамалары туралы айтып берді. Аталған бағдарламалық құжаттарын жүзеге асыруға, Астанада өтетін «ЭКСПО-2017»халықаралық мамандандырылған көрмесіне қатысуға, сондай-ақ Қытайдағы Ляньюньган және Ирандағы Бендер-Аббас теңіз порттары арқылы көліктік-логистикалық ынтымақтастықты оңалтуға Вьетнам тарапын шақырды.

Сонымен қатар, Қазақстан делегациясының басшысы Қазақстан-Вьетнам қатынастарының жақсы келешектері мен одан әрі қарқынды дамуы үшін мүмкіндіктер бар екендігін атап өтті.

Қазақстан тарапы Вьетнамның Қазақстан азаматтары үшін визасыз режимін енгізу бойынша ниетін қолдады.

Вьетнам тарапы Қазақстанмен сауда-экономикалық ынтымақтастықтың маңыздылығына, екіжақты саяси диалогына және халықаралық ұйымдар аясында ықпалдастыққа мән беретінін атап өтті. Хоанг Куок Выонг Ханой Қазақстанды Орталық Азияда негізгі әріптес ретінде қарастыратынын мәлімдеді.

Комиссия отырысының қорытындысы бойынша ынтымақтастықтың басымды бағыттарын, соның ішінде екіжақты шарт-құқықтық базаны одан әрі кеңейту туралы уағдаластықты қамтитын бірлескен Хаттамаға қол қойылды.

Сонымен бірге, тараптар екі ел іскерлік тобы ықпалдастығының басымды салаларын белгілеп, жан-жақты ынтымақтастықты одан әрі тереңдету бойынша жұмысты жалғастыруға келісті.