Вьетнам Президенті Н.Назарбаевты сайлаудағы жеңісімен құттықтады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Вьетнам Президенті Чыонг Тан Шанг Нұрсұлтан Назарбаевты президенттік сайлаудағы жеңісімен құттықтады.

Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

«Сіздің басшылығыңызбен «Нұрлы жол» саясаты таяу арада жаңа табыстар әкелетініне, ал Қазақстан елді қалыптастыру және дамыту ісіндегі жетістіктерін жалғастыратынына нық сенімдімін», - делінген жеделхатта.

Вьетнам Президенті екі елдің басшылары мен халқының күш-жігерінің арқасында мемлекеттер арасындағы өзара қарым-қатынас алдағы уақытта да қарқынды әрі тиімді дами беретініне сенім білдірген.

«Қазақстан мен Вьетнам арасындағы дәстүрлі достық қатынастар мен көпжақты ынтымақтастық күннен күнге дамып келе жатқанын қанағаттанушылықпен атап өтемін. Сіздің - Вьетнамға, менің Қазақстанға сапарымнан кейін қарым-қатынастар бұрынғыдан да нығая түсті және қазір ынтымақтастық туралы бірқатар маңызды келісімдер екі елдің игілігі үшін тиімді жүзеге асырылуда», - делінген құттықтауда.

Соңында Ч.Т.Шанг Нұрсұлтан Назарбаевқа мықты денсаулық және жауапты лауазымдағы қызметіне зор табыс тіледі.