Бұл туралы Ханойда Қазақстанның Мәдениет және ақпарат вице-министрі Асқар Бөрібаевпен ресми кездесу барысында Вьетнамның Мәдениет, спорт және туризм министрі Ле Кхань Хай мәлім етті.
Ле Кхань Хай өз сөзінде Вьетнам мен Қазақстан арасындағы саяси қарым-қатынастар жоғары сенімділік деңгейімен сипатталатынын атап өтті. Елдеріміз арасында сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы байланыстар өзара негізде нығайып келеді.
«Вьетнамдағы Қазақстанның Мәдениет күндері - бұл елдеріміз қарым-қатынасындағы аса маңызды мәдени оқиға. Бұл шара мәдениет саласындағы екіжақты ынтымақтастықтың беки түсуіне сүбелі үлес қосады және Вьетнам мен Қазақстан арасындағы достық қарым-қатынастардың одан әрі дамуына септігін тигізеді», - деді ол.
Өз кезегінде А. Бөрібаев атап өткендей, мемлекет басшыларының өзара жауапты сапарларынан кейін Қазақстан мен Вьетнам арасындағы қарым-қатынастар қарқынды дами түсті. Өткен жылы Қазақстандағы Вьетнамның Мәдениет күндері сәтті өтті, бұл күндері Вьетнамдағы Қазақстанның Мәдениет күндері өтеді. «Біздің мемлекеттер мен халықтар арасындағы достықты мәдени байланыстар нығайтады. Біз бұған баса мән беріп отырмыз», - деп атап өтті вице-министр.
13 маусым күні Қазақстанның Мәдениет күндері аясында Ханой қаласында Қазақстанның үздік өнер майталмандарының қатысуымен гала-концерт өтеді. Еске сала кетейік, 11-13 маусым аралығында Ханойда Вьетнам Социалистік Республикасындағы Қазақстан Республикасының Мәдениет күндері атап өтілуде.