В.Фоос: Электоральды процеске еш шағым түскен жоқ

АСТАНА. ҚазАқпарат - 20 наурызға белгіленген Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары сайлауының электоральды процесіне еш шағым түскен жоқ. Бұл туралы бүгін ҚР Орталық сайлау комиссиясының жұмыс кеңесі барысында комиссия төрағасының орынбасары Владимир Фоос мәлім етті.

«Әзірше еш шағым түсе қойған жоқ. Дегенмен, Орталық сайлау комиссиясына хаттар түсуде. Бірақ, олардың электоральды процеске еш қатысы жоқ. Олар әлеуметтік, тұрмыстық қиыншылықтарды қамтиды. Бұл барлық электоральды науқанда орын алатын әдеттегі құбылыс сияқты», - деді ол.

Оның атап өтуінше, адамдар Орталық сайлау комиссиясының басшылығына өздерінің әлеуметтік проблемаларын шешуге жәрдем беруді өтінуде.

«Өйткені, барша қоғамдастық қазіргі уақытта Орталық сайлау комиссиясына қарап отыр. Әрине, олардың тарапынан бопсалаушылық белгілер де байқалады. Мәселемізді шешуге көмектеспесеңдер біз сайлауға келмейміз дейді», - деді В.Фоос.