В.Козловқа, С.Сапарғалиға және А.Аминовке қатысты үкім заңды күшіне енді

АСТАНА. 21 қараша. ҚазАқпарат - Владимир Козловқа, Серік Сапарғалиге және Ақжанат Аминовке қатысты үкім заңды күшіне енді.

Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасының ресми өкілі Нұрдәулет Сүйіндіков мәлім етті.

«Өткен дүйсенбіде, ағымдағы жылдың 19 қарашасында Маңғыстау облысының сотымен әлеуметтік араздықты қоздыру, билікті күштеп құлатуға шақыру, ұйымдасқан топты құру және оны басқару фактілері бойынша Ақтау қалалық сотының 2012 жылғы 8 қазандағы үкіміне Владимир Козлов пен оның қорғаушыларының апелляциялық шағымдары қаралғандығы өздеріңізге мәлім.

Қылмыстық іс материалдарын және айыпталушы мен оның қорғаушыларының келтірген барлық уәждерін зерделеу нәтижесі бойынша бірінші сатыдағы сот үкімі өзгеріссіз, ал апелляциялық шағымдар қанағаттандырусыз қалдырылды.

Осылайша, Владимир Козловқа, Серік Сапарғалиге және Ақжанат Аминовке қатысты үкім заңды күшіне енді», - деді ол.

Ресми өкілдің атап өтуінше, сотталғандар сот үкіміне кассациялық және қадағалау тәртібінде шағымдануға құқылы.