ІV Президенттік жастар кадр резервіне іріктеудің талабы түсіндірілді

Фото: Фото: Елорда ақпарат

АСТАНА. KAZINFORM – Биыл елімізде 4-ші рет Президенттік жастар кадр резервіне іріктеу өтеді. Осыған орай ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Астана қаласы бойынша департаменті түсіндіру жиынын өткізді.

Жиынға мемлекеттік органдардың аумақтық департаменттерінен 100-ден астам қызметкер қатысып, кадр резервіне іріктеуге қатысты сұрақтарын қойды. Астана қаласы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі департаментінің басшысы Ербол Қабдығалиұлы бастаған мамандар тыңдаушылардың сұрақтарына жауап беріп, жалпы жобаға қатысты мәліметті баяндады.

Әр сала бойынша квота енгізіледі

Департамент басшысы Ербол Қабдығалиұлы өз сөзінде биылғы іріктеуде әр сала бойынша квота белгіленетінін атап өтті.

— Биылғы басты ерекшелік — әр бағыт бойынша кандидаттардың біркелкі санын қалыптастыру мақсатында әр кезеңде пропорционалды іріктеу өткізіледі. Атап айтқанда, әр сала бойынша тиісті квоталар қарастырылып, іріктеу сол салалық бағыт бойынша ғана жүргізілетін болады, - деді ол.

Фото: Елорда ақпарат

Қанша үміткер іріктеледі? 

Сондай-ақ департамент басшысы биылғы маңызды іріктеуден қанша жас маман өте алатыны атап өтті.

— Бұл науқанның қорытындысы бойынша 50 резервшіні іріктеу жоспарланып отыр. Біздің ойымызша бұл жастар үшін тамаша мүмкіндік. Сондықтан ел мүддесіне қызмет етеміз деген жастарды осы іріктеуге белсенді түрде қатысуға шақырамыз, - деді Ербол Жолданғар.

Спикердің айтуынша, бұған дейінгі 3 іріктеу қорытындысы бойынша Президенттік жастар кадр резервіне 400 маман іріктеліп алынған. Бүгінгі таңда олардың 80 пайызы тиісті лауазымдарға тағайындалған.

Үміткерлерге қандай талап қойылады?

Кандидаттарға қойылатын жалпы талап бұған дейін өткізілген іріктеудің талаптарымен бірдей:

- кандидаттардың жасы 35-тен аспауы;

- жоғары білімі болуы;

- бес жылдан кем емес еңбек өтілі болуы;

- қазақ тілін меңгеруі В1 деңгейінен төмен болмауы керек.

Іріктеуге қатысуға Президент тағайындаған адамдар, саяси қызметшілер, «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілері, Президенттік жастар кадр резервінде тұрған адамдар жіберілмейді.

Фото: Елорда ақпарат

Іріктеу 6 кезеңнен тұрады

Ережеге сәйкес, іріктеу 6 кезеңнен тұрады және маусым–қазан айларында өткізіледі.

І кезең. Резервке алу үшін кандидаттардың құжаттарын қабылдау 1 маусымнан бастап бір ай уақыт аралығында арнайы ақпараттық жүйеде онлайн режимде жүзеге асырылады.

ІІ кезең — мәтіндік және сандық ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін бағалау кезеңі (2–3, 9–10 тамыз). Ол екі бөлек тестілеу блогынан тұрады.

Талапқа сәйкес келетін барлық кандидаттардың мәтіндік ақпаратпен жұмыс істеу қабілеті бағаланады. Бұл ретте сандық тестілеуге әр салалық бағыт бойынша ең көп балл жинаған кандидаттардың 50%-ы жіберіледі.

Тестілеудің қорытындысы бойынша келесі кезеңге – ситуациялық тапсырмаларды шешуге үздік нәтижеге қол жеткізген 600 кандидат (оның ішінде әрбір салалық бағыт бойынша 100-ден аспайтын кандидат) жіберіледі.

ІІІ кезең — ситуациялық тапсырмаларды шешу кезеңі
(16–17 тамыз). Ол кандидаттардың таңдаған салалық бағыттарына байланысты нақты проблемаларды шешу бойынша ұсыныстарын бағалауға бағытталған. Бұл кезең онлайн-режимде эссе жазу форматында өтеді.

Нәтижесінде, 22 тамыз бен 3 қазан аралығында өтетін кандидаттардың құзыреттерін бағалау кезеңіне 300 кандидат өтеді.

ІV кезең бағалаудың екі блогынан тұрады: ассессмент-орталық және құзыреттер бойынша сұхбат.

Ассессмент-орталық (22–28 тамыз) Мемлекеттік басқару академиясының базасында оффлайн форматта өтеді. Ол кандидаттардың бойындағы мінез-құлық индикаторларының жиынтығы арқылы қажетті құзыреттерді (көшбасшылық, талдау және мәселелерді шешу, қызметті басқару, сендіре білу, проактивтілік) бағалауға бағытталған.

Ассессмент-орталықтан өту қорытындысы бойынша
200 қатысушы құзыреттер бойынша сұхбаттан өтуге жіберілетін болады.

Құзыреттер бойынша сұхбат блогы (23–28 қыркүйек) кәсіби
HR-менеджерлерді тарта отырып, өткізіледі. Сұхбат кандидаттардың ішкі уәждемесін және құндылық бағдарларын айқындайтын құзыреттерді анықтауға бағытталады. Оның қорытындысы бойынша келесі кезеңге
150 қатысушы жіберіледі.

V кезең. Сарапшылық комиссиясында әңгімелесуді
8–15 қазан аралығында өткізу жоспарланып отыр. Оның қорытындысы бойынша Ұлттық комиссия отырысына 100-ден аспайтын кандидат ұсынылады.

VІ кезең. Резервке үздік 50 кандидатты қабылдау үшін Ұлттық комиссияның отырысын қазан айының 25 күніне дейін өткізіп, қазан айының соңына дейін шешім шығарылады.

Айта кетейік, бұған дейін Президенттік жастар кадр резервіне үміткерлерді биыл қандай сынақ күтіп тұрғанын жазғанбыз.