В.Путин Н.Назарбаевты «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізу құқығына Астана өтінімінің жеңісімен құттықтады
В.Путин өзінің хатында Нұрсұлтан Назарбаевты «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізу құқығына Астана өтінімінің жеңісімен құттықтады.
«Бұл ауқымды шара әлемдік қоғамдастыққа достас Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық өзгерістерінің жоғары нәтижелерін, тарихы мен дәстүрлерін көрсететініне, халықаралық аренада республиканың беделін одан әрі нығайта түсетініне сенімдімін», - делінген хатта.
В.Путин екі ел арасында қалыптасқан стратегиялық әріптестік пен одақтастық қатынастарды ұстана отырып, Ресей Астананың кандидатурасын ілгері жылжытуға белсене қатысқанын атап өтті. Ол сондай-ақ ресей тарапының «ЭКСПО-2020»-ны Екатеринборда өткізуге берген өтініміне сәйкес тығыз өзара іс-қимылға және тәжірибе алмасуға үмітін білдірді.
Ресей Федерациясының Президенті Мемлекет басшысына және Қазақстанның барлық азаматтарына игілік, гүлдену және жаңа табыстар тіледі.