19:36, 14 Мамыр 2009
В. Школьник қазақстандық мөлшер бойынша жұмыстарды жақсартуға шақырды
АСТАНА. Мамырдың 14-і. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Бүгін Үкімет үйінде өткен кеңесте Индустрия және сауда министрі Владимир Школьник әкімдер мен ұлттық компанияларды,
мемлекеттік органдарды, кен орнын пайдаланушыларды қазақстандық мөлшер бойынша жұмыстарды жақсартуға шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қазақстандық мөлшерді арттыру мәселесіне тоқталған министр, осы бағытта өңірлерде тиісті кеңестер өткізілгенін айтып өтті.
«Бүгінде 701 миллиард 583 миллион теңге көлемінде 888 меморандум бекітілді. Бұлардың ішінде 182-сі 87 миллиард теңге сомасындағы келісімшарт дәрежесіне ауысты. Атап айтқанда, келісімшарттар жасау қарқыны жоғары болуы тиіс. Барлық мәселелер келісіліп, тиісті уәделер берілді. Сондықтан бұл жұмысты біз аяғына дейін жеткізуіміз керек екенін айтқым келеді. Бұл жұмыстар барлық деңгейдегі әкімдердің, ұлттық компаниялар мен кен орнын пайдаланушы компаниялар және мемлекеттік органдар басшыларына байланысты болып отыр»,- деді ол.