«Вафельді» таңбасы бар қиылыста тоқтаған жүргізушіге 3 АЕК айыппұл салынады

АСТАНА. KAZINFORM – Елімізде «вафельді» жол таңбасы салынған қиылыста кептеліс тудырып, тоқтап қалған жүргізушілер әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Астана қаласы Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Нұрлан Уваев айтты.

Фото: Александр Павский/Kazinform

Оның сөзінше, «вафельді» жол таңбасы қиылыстың бітелуіне жол бермеу және көліктің кедергісіз қозғалуын қамтамасыз ету үшін енгізілген.

– Жүргізуші қиылысқа оны тоқтамай толық кесіп өте алатынына көзі жеткенде ғана кіруі керек. Егер алда кептеліс болып, қиылыста тоқтап қалу қаупі болса, қиылысқа кіруге болмайды, – деді Нұрлан Уваев.

Оның айтуынша, бұл талапты бұзғандар Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 594-бабының 1-бөлігіне сәйкес 3 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл төлейді.

Еске салайық, 25 тамыздан бастап «Жол жүрісі туралы» заңға енгізілген өзгерістер күшіне еніп, жүргізушілерге қойылатын талаптар мен жекелеген құқық бұзушылықтар үшін жауапкершілік күшейтіледі