Бүгінгі күні аудан бойынша 11 мыннан астам адам вакцина қабылдаған.
«Коронавиру инфекциясына қарсы вакцинация біздің еліміз үшін де, бүкіл әлем үшін де денсаулық сақтаудың өзекті мәселесі болып табылады. Біздің міндетіміз - тұрғындарға вакцинаның маңызын түсіндіру, әлемді жайлаған індетке қарсы үлес қосу, қалыпты жағдаймызға тезірек оралу, желілерді жаулап алған фейк-ақпараттарды жоққа шығару. Сондай-ақ халыққа вакцинация туралы шешім қабылдауға көмектесу, оларды арнайы іс шаралар арқылы ынталандыру», - деді Абай ауданының ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мемлекеттік мекемесінің сектор меңгерушісі Эльмира Есембайқызы.
Ауданда вакциналауды насихаттау мақсатында кәсіпкерлердің қолдауымен түрлі шаралар көзделген. Соның ішінде 5-тен 50 пайызға дейінгі жеңілдіктер, көпбалалы отбасыларға азық-түлік жиынтығын үлестіру бар. Мәлім етілгендей, акцияға қосылатын кәсіпкерлік нысандар саны артып келеді.
«Вакцина қабылдаған көпбалалы отбасыларға, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға азық-түлік жиынтығын табыстау жоспарланып отыр. Алдағы уақытта екпе алғандар үшін науқандар, ұтыс ойындары, сыйлықтар, жеңілдік сертификаттары, қаржылық қолдаулар қарастырылады», - деді Эльмира Есембайқызы.