Вакцина жайында не білуіміз керек

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Нұр-Сұлтан қалалық №4 емханасы екпе кабинетінің медбикесі Назерке Ахметқанова вакцина қалай сақталатынын және балаларға екпе қалай салынатынын түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Алдын алу екпесін салмас бұрын иммунизация жасалатын баланың ата-анасына немесе олардың орнына келген адамдардың барлығына балаға қандай екпе егілетіні, оның атауы, мөлшері, өндіруші ел және баланың қай жеріне қандай екпе жасалатыны туралы мәлімет беріледі. Профилактикалық екпе жасалар алдында міндетті түрде вакцина сапасы, қорабының, құтысының бүтіндігі, мөлдірлігі, түсі, сұйықтығы, жарамдылық мерзімі тексеріледі», - деді ол.

Оның атап өтуінше, медициналық иммундық препараттар өндіруші мекемеден бастап, адамға салынғанға дейінгі аралықта белгілі бір температурамен тоңазытқышта тұрақты сақталынады. Тоңазытқыштың үстіңгі және астыңғы бөлігінде термометрлер орнатылған. Термометр градусы тоңазытқышта 2 8 градус аралығында болуы тиіс. Басқа дәрілік заттарды вакцинамен бірге тоңазытқыштың ішіне қоюға болмайды. Вакцина тұратын тоңазытқыштар бір тәуліктің ішінде екі рет қана, яғни, таңертең вакцинаны алған кезде және кешке салғанда ғана ашылады.

«Ал күні бойы вакцина жылу өткізбейтін арнайы термоконтейнерлерде сақталады. Термоконтейнердегі температура да 2 8 градус аралығында болады. Яғни, салқындық тізбегі мұқият сақталады», - деді Назерке Ахметханова.

Медбикенің айтуынша, профилактикалық егу тері ішіне, тері астына, бұлшық етке және Пероральды (ауыз арқылы) енізу сынды 4 тәсілмен жүргізіледі. Тері ішіне енгізілетін вакцинаға БЦЖ, манту сынамасы және диаскинтест жатса, ал қызылша, қызамық, паротитке қарсы вакцина тері астына енгізіледі.

«Қалған вакциналар пентаксим, гексаксим,АКДС, гепатит В, А, превенар 13 сынды қалған вакциналар бұлшық еткен салынады. Полиомиелитке қарсы вакцина пероральды ауыз арқылы тілдің астына енгізіледі. 1 жасқа дейінгі сәбилерге вакцина санының сыртқы бұлшық етіне салынады. 1 жастан асқан балаларға, ересектер иықтың жоғары үштен бір бөлігіне дельта бұлшық етіне енгізіледі. Балаларда кандай да бір реакция немесе асқыну болған жағдайда көмек көрсету үшін міндетті түрде олар 30 минут егу кабинетінде бақылауда болады», - деді ол.