Вакцинацияның өсуі іскерлік белсенділікті арттырды – Ұлттық банк

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат –Елімізде және жалпы әлем бойынша вакцинацияның қарқын алуы ел экономикасының өсіміне оң әсер ете бастаған. Осыны ескерген Еуропа қайта құру және даму банкі де Қазақстанның жалпы ішкі өнімінің өсуі жөніндегі болжамын жақсартқан, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтты.

«Вакцинацияның өсуі және сыртқы конъюнктураның жақсаруы арқасында әлемде және Қазақстанда іскерлік белсенділік қалпына келуде. Соның арқасында Global PMI индексі қызмет көрсету, өндіріс және жаңа қызметкерлерді жалдау салаларының өсуі есебінен 15 жылдық ең жоғары көрсеткішке дейін көтерілді. Өз кезегінде, Қазақстанда іскерлік белсенділік индексі осы жылғы маусымда экономиканың барлық секторларының қалпына келуі есебінен 51,6 болып, 2019 жылғы мамырдан бастап ең жоғары көрсеткішке жетті», - деді Ұлттық банк басшысы.

Ерболат Досаев ел экономикасының өсу болжамы жақсарғанымен, эпидемиологиялық ахуал оны кез келген уақытта өзгертіп жіберуі мүмкін екенін ескертті.

«Сыртқы және ішкі нарықтардағы оң өзгерістерді ескере отырып, Ұлттық банк биылғы жылғы маусымның басында 2021 жылғы Қазақстан экономикасының өсу болжамын 3,6-3,9%-ке дейін көтерді. Осыдан кейін Еуропа қайта құру және даму банкі Қазақстан экономикасының өсу болжамын да 3,0%-тен 3,6%-ке дейін жақсартты.

Әлемдік және ұлттық экономиканы одан әрі қалпына келтіру үшін коронавирустың жаңа штамдарының таралуына байланысты карантин шектеулерін ықтимал күшейту негізгі тәуекелге айналды», - деді Ұлттық банк төрағасы.