Вакцина аутизм тудырады деген ақпараттың түбі қайда жатыр

АСТАНА. KAZINFORM — Қызылша, қызамық және эпидемиялық паротитке қарсы ҚҚП вакцинасы мен аутизм арасында байланыс бар деген пікір 1998 жылы жарияланған даулы зерттеуден кейін кең тарады, деп хабарлайды Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз қызметі.

Фото: Kazinform/ЖИ

Аталған зерттеуде ҚҚП вакцинасы, ішек аурулары және балалардағы аутизм арасында байланыс болуы мүмкін деген болжам айтылған. Кейін зерттеудің әдістемесінде елеулі бұзушылықтар болғаны және ондағы деректердің дұрыстығына қатысты мәселелер анықталды.

— Осыған байланысты The Lancet ғылыми журналы 2010 жылы мақаланы ресми түрде кері қайтарды. Зерттеу жарияланымнан алынғаннан кейін ҚҚП вакцинасы мен аутизм арасындағы ықтимал байланысты анықтау үшін көптеген ауқымды зерттеулер жүргізілді. Олардың қатарында миллиондаған баланы қамтыған ұлттық зерттеулер мен метаталдаулар бар. Жүргізілген зерттеулер ҚҚП вакцинасы аутизмді тудыратынын растамады, — делінген хабарламада.

Ведомствоның мәліметіне сәйкес, соған қарамастан, 1998 жылғы мақаланың бастапқы тұжырымдары әлеуметтік желілерде және басқа ақпараттық ресурстарда әлі де таралып келеді. Бұл вакцинацияға қатысты негізсіз алаңдаушылықтың сақталуына ықпал етеді.

Осылайша, ҚҚП вакцинасы мен аутизм арасында байланыс бар деген пікірге негіз болған зерттеу ғылыми журнал тарапынан ресми түрде кері қайтарылған. Кейінгі ауқымды ғылыми зерттеулер ҚҚП вакцинасы мен аутизм арасында байланыс бар екенін растаған жоқ.

Жуырда Kazinform-да жарияланған материалда Жандос Құлжанбеков жаңа туған нәрестеге егілетін «К» дәрумені билирубиннің жоғарылауына және кейін баланың дамуындағы бұзылыстарға әсер етуі мүмкін деген пікір айтқан еді. Осыған байланысты Kazinform Денсаулық сақтау министрлігіне сауал жолдап, сала мамандарынан К дәрумені жаңа туған нәрестеге не үшін егілетінін, оның балаға қандай әсері барын, нәрестенің кейінгі дамуына қаншалықты ықпал ететінін сұрап, сауал жолдады.