Вакциналау және иммундау: 34 жылда қандай көрсеткішке қол жетті
АСТАНА. KAZINFORM — ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің вакцинамен басқарылатын инфекцияларды бақылау басқармасының басшысы Нұршай Әзімбаева елімізде вакциналау арқылы қандай көрсеткішке қол жеткенін айтты.
— Қазіргі уақытта иммундау бағдарламасы 21 инфекцияға қарсы вакцинацияны қамтиды. Олар: құтырма, іш сүзегі, кене энцефалиті, А, В гепатиті, В типті гемофильді инфекция, дифтерия, көкжөтел, қызылша, қызамық, полиомиелит, сіреспе, туберкулез, оба, паротит, пневмококк инфекциясы, АПВ, КВИ, тұмау, сібір жарасы, туляремия. Жыл сайын республика бойынша 4 млн-нан астам адам егіледі. Вакциналарды сатып алуға шамамен 38 млрд теңге бөлінеді, — деді ол.
Оның айтуынша, иммундау арқылы инфекциялар мен олардан болатын өлімді азайту үшін көп нәрсе жасалған. Мысалы, 1996 жылдан бастап полиомиелит, 2009 жылдан бастап дифтерия жағдайлары тіркелмеген.
Сондай-ақ, спикер соңғы 34 жылда Ұлттық иммундау саясатының арқасында мынадай нәтижеге қол жеткенін атап өтті:
— эпидпаротит — 100 еседен астам (яғни 1990 ж. 12194 жағдайдан 2024 ж. 118 жағдайға дейін);
— А вирустық гепатиті — 32 еседен астам (яғни 1990 ж. 73 962 ж. 2024 жылы 2289 ж. дейін);
— В вирустық гепатиті — 92 есе (1990 ж. 5287-ден 2024 ж. 57 жағдайға дейін);
— қызамық — 2 мың еседен астам (24 396 жағдайдан 2024 ж. 11 жағдайға дейін) төмендеген.
Одан бөлек, сіреспемен сырқаттану деңгейі тұрақты. Аурудың тек бірлі-жарым жағдайлары тіркеледі: 1990 жылы — 13 жағдай, былтырғы жылы — 2 жағдай.
Айта кетейік, бұған дейін елімізде баласына вакцина салдырмайтын ата-ана көбейіп келе жатқанын жазған едік.