Валентина Хальзова Париж Олимпиадасына барады
АСТАНА. KAZINFORM - Бокстан Париж Олимпиадасына берілген жолдама саны сегізге жетті.
Сегізінші жолдамаға Таиланд астанасы Бангкок қаласында өтіп жатқан бокстан Олимпиадаға іріктеу турнирінде бүгін, 2 маусымда 1/4 финалда Валентина Хальзова (75 келі) қол жеткізді.
Қазақстандық боксшы 1/4 финалда колумбиялық Ширлейдиз Орозкомен кездесті.
Жекпе-жек барысында ол қарсыласынан белсенді қимыл көрсетті. Нәтижесінде төрешілердің бірауыздан шешімімен жеңімпаз атанып, Олимпиадаға жолдамаға ие болды.
Бұл - бокстан Қазақстан құрамасының Париж Олимпиадасына сегізінші жолдамасы.
Айта кетсек, еліміздің ерлер құрамасында Олимпиадаға Сәкен Бибосынов (51 келі), Махмұд Сабырхан (57 келі), Асланбек Шымбергенов (71 келі), Нұрбек Оралбай (80 келі), Айбек Оралбай (92 келі) және Қамшыбек Қоңқабаев (92 келіден жоғары) жолдама алып қойды. Әйелдер құрамасында Карина Ибрагимова (57 келі) Париж Олимпиадасына жолдама алған еді.
Валентина Хальзова 1997 жылы дүниеге келген. 2016 жылы әлем чемпионы атанса, 2022, 2023 жылдарда әлем чемпионатында қола жүлдеге қол созды.
Ал 2017 жылы Азия чемпионатында күміс медаль алды.
Енді ел құрамасынан Назым Қызайбай (50 келі) ширек финалда 16:30-да Солтүстік Корея боксшысы Канг Су Хуангпен қолғап түйістірсе, бесінші жолдама үшін Мұхаммедсабыр Базарбайұлы (63.5 келі) 17:30-да молдовалық Александру Парасчивпен шаршы алаңға шығады.
Таиландтағы іріктеу турнирінде Ұлжан Сәрсенбек (54 келі), Римма Волосенко (60 келі) мен Наталья Богданова (66 келі) жарыс жолын аяқтады.